Ел жаңалықтары

5

0

Нормалар Құрылтайда қаралады

Елімізде балалардың онлайн платформаларды пайдалануын реттейтін нормалар пысықталып жатыр. Заң жобасы депутаттардың қарауына Құрылтайдың жаңа сессиясы басталғанда шығарылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлім етті, деп хабарлады Kazinform.

– Онда 16 жасқа дейінгі бала­ларға тіркеуден өтуге шектеу бо­лады деген норма бар. Жаңа те­тіктерді әдейі заңға енгізіп жа­­тырмыз. Бұл қадамдар қазір мем­­лекеттік органдармен бірге талқылануда. Бұл құжат әлі Парла­ментке енгізілген жоқ, – деді Е.Ко­четов Парламент палата­ла­рының бірлескен отырысынан кейін тіл­шілер сұрағына жауап бере отырып.

Кочетовтің айтуынша, кейінгі жылдары Еуропаның көптеген елінде балалардың әлеуметтік же­лілерді пайдалануына тыйым са­латын заңнамалық өзгерістер пы­сықталды. Мұндай шектеулер Австралияда да күшіне енді.

– Жаңа нормалар Үкімет қа­рауында. Енді осы нормаларды Құрылтай алаңында талқылаймыз, – деді Кочетов.

ҰЛТТЫҚ БАНК ШЕКТІ ДЕҢГЕЙ ЕНГІЗБЕК

Қазақстанда қарыз алушылардың борыштық жүктемесіне бақылау күшейтілмек. Ұлттық банк 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті деңгейін енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл өзгерістер Ұлттық банк әзірлеген макропруденциялық нор­­­мативтер мен лимиттер туралы қаулы жобасы аясында қарас­тырылған.

КБК көрсеткіші 2024 жылдың тамыз айынан бастап мониторинг­тік режимде қолданылып келеді. Ол азаматтың барлық өтелмеген не­сие­лері мен микрокредиттері, сон­­дай-ақ жаңа қарызды қос­қан­дағы жалпы берешегінің оның жыл­­дық табысына қатынасын көрсетеді.

Ұлттық банк КБК-ның шекті деңгейін қарыз алушының жылдық табысының 8 есесі көлемінде белгілеуді ұсынып отыр, яғни азаматтың жалпы қарызы оның бір жылдық кірісінен сегіз есе көп болмауы тиіс.

Реттеуші органның мәліме­тін­ше, бұл шара банктердің жауапты несие саясатын күшейтуге, халық­тың шамадан тыс қарызға бату тәуекелін азайтуға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамта­масыз етуге бағытталған.

ШЕКТЕУ АЛЫНДЫ

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Orda Trade Astana» ЖШС-ның бірқатар шай өнімін әкелу мен өткізуге қойылған шектеулердің күшін жойды.

Ведомствоның баспасөз қыз­метінің мәліметіне сәйкес, аталған шешім өнімнің өндірісі мен сатылымының барлық кезеңі бақы­лауда болғанын растайтын құ­жаттар мен санитариялық-эпиде­миологиялық сараптама нәтижелері негізінде қабылданды.

Өнімдер тізбесінде «Апамның шәйі Premium gold», «Орда Кения», «Аль-Кайрат шәйі Premium gold» бар.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»