Аудан жаңалықтары

749

0

Шағын қорадан басталған қожалық

          Қызылорда. Кәсіпкер Бекболат Рсалиев 1998 жылдан бастап ірі қара мал өсіріп, етін сатуды кәсіп қылып келеді. Белкөл кентінде 5 гектар аумақты алып жатқан «KZO-Ет» шаруа қожалығы алғашында шағын қорадан бастау алған.

          Кейін сауда көлемі ұлғайып, сатып алушылар қатары көбейе келе кәсібін кеңейту үшін «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 58 млн теңгеге қаржы алады. Қазір 6 сауда нүктесі болса, оның екеуі –әлеуметтік дүкен. Аталған дүкендерге тәулігіне 200, 300 келі сиыр мен жылқы етін халыққа тиімді бағада жеткізуде. Кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Өнімділікті арттыруға арналды

Арал. Ауданда егін шаруашылығында өнімділікті арттыру мақсатында жергілікті шаруаларға теориялық түсіндірме оқу семинары өткізілді.

Семинарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жаратылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері  қатысып, заманауи технологияларды пайдалану арқылы егін егу әдістері мен өнімділігі жоғарғы тұқымдарды қолданысқа енгізу жөнінде кеңес берді. Шаруашылық иелерінің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Қалдықты кәдеге жаратқан

             Қазалы. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі қауіпті қалдықтарды өңдеу және жоюмен айналысатын кәсіпкермен кездесті.

           Кездесу барысында жеке кәсіпкер Ерлан Орынбаев 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерлігін бастағанын жеткізді. Мемлекеттік бағдарламамен алынған қаржыға медициналық қалдықтарды өңдеп және жоятын арнайы құрылғы сатып алған. Көршілес Арал және Қармақшы аудандарының медициналық ұйымдарымен келісім-шартқа отырып, қызмет көрсеткен. Қазіргі таңда тек қана Қазалы ауданының медициналық мекемелерімен жұмыс жасауда. Бұл өз кезегінде кәсіпкерге үлкен кедергі келтіруде. Себебі жоба 3 ауданнан шығатын қауіпті қалдықтарды жоюға арналған. Тәулігіне 200 келіге дейін қалдықты жоя алады.

Жасөспірімдер құқығы қадағаланды

                Қармақшы. Аудандық полиция бөлімінің мамандары «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Құқық қорғау қызметкерлерімен  бірге жастар ресурстық орталығы да рейдтік іс-шараға қатысты.

Шараның мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруіне, қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу және жасөспірімдердің құқығының бұзылмауын қадағалау. Рейдтік шарада олар жиналатын орындар, ойын-сауық кешендері, дүкендер мен көңіл көтеретін орындар тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Тұрғындар тілегі ескерілмек

            Жалағаш. Мәдениет пен өнерді дамыту орталығында кент әкімі Ғалымжан Телібаев былтыр атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, тұрғындармен кездесті. Оған аудан әкімі Асылбек Шәменов, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

           Баяндамада айтылғандай, жыл көлемінде аудан орталығында бірқатар игілікті істер атқарылған. Кент тұрғыны, еңбек ардагері Әбілқайыр Ерәлиев Дәуімбай елді мекеніне ағаш егу қажеттігін, аяқсудың келмейтінін, айтса, Нұрбол Серікұлы қала мен екі ортада қатынайтын такси жолақысының қымбаттауын, Нұрлан Құдайбергенов зейнет жасындағы кісілердің өз уақытында жастарға жол ашуы қажеттігіне назар аударды.

         Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі А.Шәменов тұрғындар тарапынан айтылған мәселелердің  назарда болатынын айтты.

Жаңа кондитер орталығы

            Сырдария. Аманкелді ауылында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Өз қаражаты есебінен кәсіп ашып, жұмыс жасауға ниет білдірушілер жетерлік. Осындай жандардың бірі, жеке кәсіпкер «Құралай» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Құралай Бәкірова ауыл орталығынан кондитер орталығын ашты.

           Ашылу рәсіміне ауыл әкімі Мейрамбек Нұрғалиев қатысып сәттілік тіледі. «Шаруасы өрге домалап, өзін ғана емес ауылдың дамуына да өз үлесін қосуына тілектеспін»,– деді ауыл әкімі. Кәсіп иесі бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындарына кондитерлік өнімдер сатумен айналысады.

Алдағы уақытта ауыл халқын ыстық нан және тәтті тоқашпен қолжетімді бағада қамтамасыз етеді.

Нақты жұмыстар жүргізіледі

Шиелі. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков әлеуметтік желі арқылы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін назарға алып, Еңбекші ауылдық округі ауыл тұрғындарымен кездесті.

           Кездесуде Еңбекші ауылдық округіндегі «көгілдір отын», жайылымдық жер және көшені асфальттау мәселелерін айтып, аталған мәселелердің шешілу жолдарын баяндады. Тұрғындар тарапынан  Шиелі бағытынан және ауыл сыртындағы айналмалы жолдың көңіл көншітпейтіні, «Гежуба Шиелі цемент» зауытына қарай ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасуы  секілді мәселелер көтерілді. Аудан әкімі бұл түйткілдер кезең-кезеңімен шешімін тауып, нақты жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Байкенженің байлығы ел игілігіне

Жаңақорған. Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы өңірімізде кен байыту өндірісімен айналысып жатқан «Қызылқұм» және «Байкен -U» ЖШС бас директорларын қабылдап, кәсіпорын басшылары мен Байкенже ауылы тұрғындарының кездесуін ұйымдастырды.

            Басқосуда аудан көлемінде қолға алынып жатқан газ, ауызсу, аяқсу, биыл салынатын әлеуметтік маңызы бар нысандар жайлы айтылды. Ауыл тұрғындары өндіріс орындарының басшыларына жеткізе алмай жүрген тұрмыстық қажеттілік пен басқа да проблемалық мәселелерін ашық айтып, көкейде жүрген сауалдарын қойды.

Дайындаған

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<