Аудан жаңалықтары

394

0

«Үздік аулалар» анықталды

Қала күні мерекесі «Үздік аула» байқауымен жалғасты. Биыл алтыншы мәрте өткізілген байқауға 16  өтінім түскен.

Көгалдандыру ісін тұрғындар болып қолға алған, сәндік безендіру мен аула қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөлген «Астана-1» шағын ауданы №1 үйдің ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанды. ІІ орын тұрғын үй ауласынан көршілердің демалыс орнын ұйымдастырған Жаппасбай батыр көшесі 8 үй тұрғындарына берілді. ІІІ орын жаңа шағын аудандағы 3 жылдық еңбегі нәтижесін берген «Сол жағалау» ауданы №22 үй тұрғындарына берілді.  Сонымен қатар «Бірлігі жарасқан аула», «Жасыл желекті аула», «Еңбекке баулыған үлгілі аула» номинациялары бойынша да жеңімпаздар анықталды.

Шара барысында Қызылорда қаласының тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері марапатталып, оларға қала әкімінің «Алғысы» мен қаржылай сыйақы табысталды.

Ардагерлер марафоны

Халықаралық қарттар күніне орай ауданның бір топ ардагерлері жүгіруден жарысты.

Бүгінде зейнет жасына қарамастан, спортты жанына серік еткен желаяқтарды белгілі марафоншы Серік Өтебалиев бастап шықты. Бірқатар азамат 20 айналымды бағындырса, қалған ардагерлер қатардан қалыспай бірнеше айналымды жүгіріп өтті. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар аудан әкімінің «Алғыс хаты», арнайы медальдармен марапатталды.

Жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді

«Тасарық» ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді.

Ауыл күні аясында өткізіліп жатқан іс-шараларға аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков қатысып, нысанның лентасын қиды. Ғимарат ішін аралап көріп, жүргізілген құрылыс сапасына оң бағасын берді. Сондай-ақ, округ тұрғындары мен аппарат қызметкерлеріне деген ықыласын жеткізіп, жаңа ғимаратта жаңа қарқынмен қызмет ету керектігін еске салды.

Шығармашылық кеш

Аудан орталығындағы мәдениет үйінде Қарттар күні мен Қармақшы ауданының 95 жылдығына орай «Гүлдер шақырады» атты концерт өтті. Мерекелік шарада Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, әнші Бақтияр Тайлақбаевпен бірге Тахмина Әшімбекова, Өктем Алтаев өнер көрсетті. 

«Ағаларым» әнінің орындаушысы Бақтияр Тайлақбаев қармақшылықтарды ауданның  95 жылдығымен құттықтады және алдыңғы буын ағаларымыздың асқан ерлігімен жеткен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына тілектестігін білдірді.

Білікті дәрігер рухына құрмет көрсетілді

Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «Алтын дәрігер» құрметті атағының иегері Қалыбаев Сақы Ұзақбайұлының құрметіне қойылған мемориалды тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы қатысып, білікті дәрігердің өмірі мен қызметі жайлы баяндады. Ел үшін еткен еңбегін кейінгі жастарға насихаттау бүгінгі буының  парызы екенін айтты.

Ауыл көшелері асфальтталуда

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Айдарлы», «Жетікөл», Аманкелді ауылдарында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарын көрді. Мердігер мекеме өкілдерімен сөйлесіп, жұмыс сапасына мән беру керектігін еске салды.

Ауылдардағы жол жөндеу жұмыстарын «Универсал сервис МН», «Әлем ҚызметGroup», «АйкоСтрой», «Акнур-Авто» серіктестіктері атқаруда.

«AidaiEm» медициналық орталығы ашылды

«Көкшоқы» шағын ауданында жеке кәсіпкер Ақайдан Қойшыбекқызының «AidaiEm» медициналық орталығының тұсауы кесілді.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Ахатов пен аймаққа белгілі  дәрігер, нейрохирург Шынжырбай Оразмаханұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Айта кетейік, «AidaiEm» медициналық орталығында емделушілерге 40 төсек-орын қарастырылған. Мұнда сондай-ақ, массаж, парафин, тұз бөлмесі, терапия, УДЗ, тоқпен емдеу, қан тапсыру секілді 10-ға тарта ем-шара ұсынылып отыр. Нысанның жобалық құны 70 млн теңгені құрайды.

Түнгі рейд

Түнгі рейдтік жұмыстар  кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қоғамдағы қылмыстың алдын алуда аса маңызды. Бірлескен іс-шара жоспары аясында  аудандық қоғамдық даму бөлімі, Жастар ресурстық орталығы мамандары мен Жаңақорған АПБ инспекторларының қатысуымен рейд ұйымдастырылды.

Түнгі рейд кезінде жастар көп жиналатын компьютерлік ойынханалар мен мейрамханалар әкімшілеріне түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз кіргізбеу керектігі ескертілді. оларға темекі бұйымдары мен спиртті ішімдіктерді сатуға болмайтыны жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<