Ауданда ауызсу мәселесі жоқ

838

0

Жыл басынан бері Сырдария ауданының бюджеті 12 млрд теңгеден асты. Мұның 63 проценті әлеуметтік салаға бағытталған. Атқарылған шаруалар жайлы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Сырдария – аграрлық аудан.  Ауыл шаруашылығы саласында өсім бар. Күріштен өзге майлы дақылдар, бақша мен көкөніс, картоп егіледі. Ет пен сүт бағытында мал бағылады. Сондай-ақ экономикаға тікелей ықпал жасайтын өнеркәсіп саласында оң динамика бар. Сырдарияда биыл 7 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Соның арқасында былтырғы қорытындымен салыстырғанда өнім өндіру 60 процентке артып отыр.

– Биыл ауыл шаруашылығына қатысты өнім көлемі 20 млрд теңгені құрап отыр. 33 мың гектардан аса жерге түрлі дақылдар егілді. Аудан бойынша 133 мың тоннадан астам күріш жиналды. Ресей, Әзербайжан, Монғолия, сондай-ақ көрші Қырғызстан мен Тәжікстанға 1,7 тонна ақ күріш экспортталды.  Мал санында өсім бар. Қазір тіркелген 34 мың бас ірі қара, 29 мың уақ мал, 17 мың жылқы және мың жарым бас түйе бар. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал санын арттырып отырғандар да жеткілікті, – дейді аудан басшысы.

Сырдарияда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 500 жоба қаржыландырылған. Соның нәтижесінде 450 жұмыс орны ашылыпты.

Ауданда 2611 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 2434. Өткен жылмен салыстырғанда 6 процентке өсім бар.

Ауызсу мәселесі толығымен шешілген бірден-бір аудан – осы Сырдария. Сондай-ақ жол құрылыстарына да басымдық берген.

– Бізде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 480 шақырым. Қазір жол сапасы жағынан 92 процентті қамтып отырмыз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Тереңөзек кенті, Ақжарма мен А.Тоқмағамбетов ауылдарында жолдар жөнделді. Бір өкініштісі, ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің 70 проценті нашар. Тозығы жетіп тұр. Осыны шұғыл жаңарту керек. Қазір Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдарына 744,2 млн теңгенің жобасы ұсынылды, – дейді М.Ергешбаев.

Ауданды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету – көп көкейіндегі мәселе. Қазір аудан орталығындағы 36 әлеуметтік нысан, 1350 тұрғын үйді газбен қамту жоспарланған. Кенттегі 70 процент жұмысы орындалған газдандырудың  әлі де атқарар тіршілігі көп. Қазір 334 нүктеге құбыр тарту үшін республикалық бюджеттен 129 млн теңге бөлініпті.

– Ауданда апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Үш ауысыммен оқитын білім беру мекемелері де тіркелмеген. Әрі бұлардың барлығы 100 процент интернетпен қамтылған. Мектепке дейінгі біліммен де дәл осылай қамтып отырмыз. Жастар саясатын жүзеге асыруда жобалар көп. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жүйелі түрде жолға қойылған. Соның нәтижесінде  биыл  кәмелет жасына толмағандардың арасында қылмыс тіркелмеді, – дейді аудан әкімі.

Халық саны көп болмаса да Сырдариядағы тіршілік әзірге ширақ.  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы нақты міндеттер жоғары көрсеткішпен орындалуда. Елдің бірлігі мен шаруалардың тынымсыз тіршілігінің арқасында аудан экономикасы тұрақты дамып келеді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<