Ауылдың адамдары еді

1323

0

Ауыл қазақтың алтын бесігі екені рас-ақ. Небір жақсы мен жайсаңдар, аузы дуалы, сөзі пәтуәлі, қара қылды қақ жарып айтар билер, ұлағатты ұстаз, ел басқарған асыл азаматтар ауылдан шыққан. Олардың артында  іздері қалды, есімдері ұмытыла қойған жоқ. Десе де өткен күндер тарих, ал тарих тасасында жыл озған сайын көмескіленіп, ескерусіз кететін тұлғалар болатыны да рас. Осы ретте олар жайлы өскелең ұрпақтың  біле жүргенін қалаймыз. Аймағымыздағы бас басылым «Сыр бойы» газетінің 2022 жылғы 23 сәуір күнгі санында осы тақырыппен мақаланың басы жарық көрген еді, мұны соның  жалғасы деп есептеңіз.

БИ

Заманында көпке аты мәлім болған Сегізбай бидің нақты туғанжылы мен дүниеден озған жылдары белгісіз. Біздің пайымдауымызша, Х1Х ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының орта тұсына дейін өмір сүрген сыңайлы. Ел-жұртының қамы үшін 1920 жылы «Таң» аулының қақ ортасынан Алланың үйі-мешіт салдыруды ойластыра бастайды. «Таңмен» қоса, сол маңайдағы «Ұмтыл», «Қызылсая» артелдерінің адамдарын үгіттеп, мешіт тұрғызуға келіседі. Содан соң, ұста іздестіріліп, 1921 жылы руы Жартай Керейт Өтесұлы Нұрпейіс пен оның көмекшісі Шәкіманұлы Байарыстанды тауып, ауылға алып келеді. Мешіттің орны белгілеп, қажетті құрылыс заттарын пысықтап алғасын, кірпіш күйдіретін шағын зауыттың құрылысы басталып кетеді. (Зауыттың орны 1960 жылдарға дейін жатты, біз оны көрдік.Т.Е.) Үш ауылдың жігіттері кезектесіп асарға келіп тұрады. Олар балшық жатқызу, кесек дайындау сияқты ауыр жұмыстар атқарады. Кесек саздан дайындалып, шеге құммен иленіп кептірілген соң, зауытқа апарып күйдіріліпті. Зауыттың отыны негізінен жергілікті жерде көп өсетін шеңгел мен қарабарақ болған. Себебі шеңгелдің де, қарабарақтың да шоғы өте қызулы көрінеді. Асаршылар мен ұсталардың тамағына әр үйден бір уақ мал, бір пұттан дән жиналған. Ауқатты ауыл азаматтары: Қоқыбайұлы Сейітжан, Нұрымбетұлы Жұма, Мәмбетұлы Бедер, Тауұлы Итемір және Сегізбай би өзі бас болып, мешіт құрылысына сауын биеден береді. Осы аталған кісілердің ішінен Қоқыбайұлы Сейітжан ақсақалды көзім көрді. 1953-1957 жылдары: «Осы үйде қыстық соғымнан бір омыртқамыз сақтаулы шығар» деп ауылдың бір топ ақсақалдарын қасына ертіп келіп, біздің үйден дәм татып кететін. Сейітжан ақсақал  атағы мәшһүр Қоқыбай болыстың баласы екен ғой… Қоқыбай бабамыздың аты ел ауызында болыстықпен емес, атсейістігімен шығыпты…

1924 жылы мешіт құрылысы салынып бітеді. Сонымен бірге қосымша құрылыстары да сапалы аяқталады. Ұсталардың еңбек ақысына орталай жиналған 300 бас уақ мал төленеді. Енді мешітке иелік ететін молда іздестіріліп, Мырзабай ахунның інісі Қалымбет баласы Әбжәли ишан алдырылады.

Бүгінде Жалағаш ауданы «Таң» ауылының ортасында тұрған мешіт, сол Әбжәли ишанның есімімен аталады. 1989 жылдың 22 наурызы күні Әбжәли ишан мешітінің алдына бірнеше қараша үйлер тігіліп, ұзақ жылдар тойланбай тоқтап қалған Наурыз мейрамын ауыл болып тойлағанымыз есімде. 1993 жылы «Таң» кеңшарының тұрғын үй-коммуналдық бөлімі мешітті жеңіл жөндеп шықты. Ал, 2012 жылы мешіт қайта тіркеліп, күрделі жөндеуден өткен. Сегізбай бидің бел баласы Досай ақсақал мен қызы Жәңке әжемізді де көрдік. Олардан тараған ұрпақтар бүгінде «Таң» ауылында, «Жалағаш кентінде және Қызылорда қаласында ел қатарлы тіршілік етіп жатыр.

Қайраткер

Қазақстанға белгілі мемлекет және қоғам қайраткеріКамалбай Кетебаев Жалағаш ауданына қарасты «Таң» ауылында 1929 жылы  туған. «Таң» жетіжылдық мектебін бітіреді. Көнекөз кісілерден естігеніміз ол зерек, жастайынан сабаққа өте алғыр болғанға ұсайды. Камалбай ағаның балалық шағы ел басына күн туған Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келген. Бұғанасы қатпай ауыл балаларымен бірге ауыр еңбекке ерте араласады, сәл кейін сауаттылығы арқасында ұжымшарға есепші болған. Осылай жүргенде Оңтүстік Қазақстан облысы Киров ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіндегі нағашысы Әбдуәзи Айтбалаев шақырып алып, орта мектепте оқуын жалғастыртыпты. Мектепті жақсы аяқтаған Камалбай Кетебаев Мәскеудің Плеханов атындағы экономика нститутына түседі. 1953 жылы институтты үздік бітіріп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне қызметке қабалданады. Қызметтік сатымен жоғары көтеріле білген Камалбай Кетебаев 1965 жылы, небары 36 жасында Тұрмыс қажетін өтеу және жергілікті өнеркәсіп министрі болады. Біздің тағы бір білетініміз: Камалбай Кетебаев Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесі төрағасының орынбасарлығы мен мемлекеттік Жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін қосып атқарған. Қай қызметте жүрсе де өзінің туған жерін, Сыр бойын естен шығармаған. Кетебаевтың тікелей араласуымен Мемлекеттік жоспарға енген бірнеше күрделі құрылыстар облыс көлемінде дер кезінде пайдалануға беріліп отырған. Соның нақты дәлеліне – Сырдария өзенінің үстінен  салынған Жалағаштағы және Қармақшыдағы көпірлер, Қызылорда силикат зауытын атап кетуге болады.

 1969 жылы Камалбай ағамыз Сыр бойына келген қызметтік сапарында өзінің кіндік қаны тамған «Таң» ауылына соғады. Қасында облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Зейнулла Жарқынбаев, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сұлтан Аманов болған. Келген бойда бірге оқыған досы әрі парталасы Әбдірәки Наурызбаев ағамызды сұрайды. Сосын, ауыл басшылары бульдозерші-тракторист Әбекеңді жұмыс істеп жатқан жерінен алдырған ғой. Кластасымен құшақтасып,  қасына отырғызып алған көрінеді. Құрылғанына 2 жыл ғана болған «Таң» кеңшарына көп ұзамай  жаңа техникалар келе бастады. Бірнеше ауыл еңбеккерлері мемлекеттік наградалар алды. Солардың арасында механизатор Әбдірәки Наурызбаев пен шофер Нағымбай Боранбаев «Еңбек Қызыл Ту» орденін кеуделеріне таққанын көзіміз көрді.

Қазақстанға белгілі қайраткер, үлкен жүректі азамат Камалбай Кетебаев 1999 жылы дүниеден озды. Қызылорда қаласында Камалбай Кетебаев атында көше бар.

Ұстаз

Есімі  ауыл-аймаққа белгілі болған ұстаздардың бірі Елікбай Меңлібаев 1908 жылы дүниеге келген. Бұл кісі – біздің ауылдан шыққан тұңғыш ағартушылардың бірі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, ширек ғасырдан астам уақыт «Таң» мектебінің директоры қызметін үздіксіз атқарған. Кезінде «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалдарымен наградталған.

Солақай саясаттың кесірінен бе әлде басқа да жағдайлар себепші болды ма, 1957 жылы «Таң» ұжымшары тарады. Ауыл халқының басым бөлегі дарияның келесі бетіндегі ауылға үдере көшті. Төрт түлігі сай, жерге бай ұжымшарға жасалған мұның теріс әрекет екенін дәлелдеп, жоғарыға бірнеше рет жазып, ақыры 1967 жылы «Таң» кеңшарының ашылуына себепші болған Елікбай Меңлібаев әкеміз деп білеміз. Бастауыш мектеп болып ғана қалған мектеп әуелі орталау мектеп, 1970 жылы орта мектепке айналды. «Таң» кеңшары жылма жыл егіс көлемі мен мал басын арттырып, аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылық дәрежесіне көтерілді (Осы мақала авторы 1992-1995 жылдары аудандағы бірден-бір күріш тұқымын дайындайтын «Таң» кеңшардың директоры қызметін атқарған. Т.Е.).

 Елекең 1968 жылы құрметті еңбек демалысына шыққасын да елге қызмет жасауын жалғастыра берді. Ауылдағы пошта бөлімшесінің меңгерушісі болды. 1971-1980 жылдары бастауыш партия ұйымында бірге есепте тұрып, ақыл-кеңесін алғанбыз. Өте сауатты, құйма-құлақ, естігігені мен көргенін ұмытпаған, білгені көп, көненің көзіндей шежірелі кісі еді. Арабша жаза да, оқи да білетін. Кезінде уақыт бөліп, әңгімесін  тыңдамаппыз. Ел мен жер, ауыл  тарихы жайлы көп нәрсе кетіп қалды. Әке жолын қуған балалары да ұстаз болды. Үлкен ұлы Әлихан Меңлібаев Жалағаш ауданында бірнеше мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан. Бүгінде Қызылорда қаласында тұрады. Уәлихан, Ғалия, Рахия, Қайырбек есімді ұл-қыздары да бала бағбандары бола білді. Қазір олар да зейнеткерлер.

Елікбай Меңлібаев әкеміз 1995 жылы 87 жасында дүниеден өтті.

Басшы

Ахмет Нұрекешов – 1916 жылы қазіргі Жалағаш ауданы «Таң» ауылы төңірегіндегі «Ұмтыл» деген жерде дүниеге келген. Әуелі әкесі, 1920 жылы шешесі қайтыс болғасын көп ұзамай ағайындары оны балалар үйіне береді. Балалар үйінде оқып, тәрбиеленген Ахмет әкеміз 1933 жылы Қызылорда педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1935 жылы өте жақсы бітіріп шығады. 1936 жылы облыстық оқу бөлімі жиырмаға енді толған жас жігітті Жосалыдағы мектепке директор етіп жібереді. 1939 жылы 23 жасар Ахмет Нұрекешов Қармақшы ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне көтеріледі. 1940 жылы Тереңөзек ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына тағайындалған. Ал, 1941 жылдың желтоқсан айында, небары жиырма бес жасында халық депутаттары Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланады. 1943 жылдың шілдесінде Нұрекешов облыстық оқу бөлімінің бастығы қызметіне келеді. 1945 жылдың ақпан айынан бастап Ахмет әкеміз облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болады. 1947-1949 жылдары Қазақстан Компартиясы орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебінде оқып, білім жетілдірген. Партия мектебін бітіріп келген Нұрекешовті обком сол жылдары рухани-эстетикалық тәрбиенің негізгі саласы есебінде маңыз беріле бастаған облыстық кинофикация мекемесін басқаруға жібереді. 1953 жылы Сырдария аудандық кеңесінің шешімімен аудандық атқару комитетінің төрағалығына сайланады. Бұдан кейінгі жылдарда да облыс көлемінде бірсыпыра жауапты қызметтер атқарған. 

Мен Нұрекешовтер отбасын 1967 жылдан бері білемін. Ахмет әкемен талай рет тұз-дәмдес болып, әңгімесін тыңдағанымды айта кетуім керек. Ойы терең, тілге бай, ақжүрек кісі болатын. «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» десек те, басшылық қызметке өте ерте араласып, қиын-қыстау заманда ел басқарған азамат күні бүгінге дейін ескерусіз келеді. Қызылорда қаласынан бір көшені атына берсек, еш артықтық етпес еді. Ахмет Нұрекешов 2001 жылы 85 жасында Қызылорда қаласында өмірден озды.

                                                    Темірбек  ЕСЖАНОВ,

                               Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<