Қауымдастық мүшелері мен белсенді тұрғындардың кездесуі өтті

371

0

«Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі «Ауылдық азаматтық бастамаларды дамыту» гранты негізінде «Қызылорда облысы Баймұрат Батыр ауылы (Қызылорда қаласы), Ғани Мұратбаев (Қазалы ауданы), Қамыстыбас (Арал ауданы) ауылдық округтерінде жергілікті қоғамдастықты дамыту» жобасы аясында 2024 жылғы 29 сәуірде Қамыстыбас ауылының, 30 сәуірде Қазалы ауданы Ғани Мұратбаев ауылының түйткілді проблемаларын анықтау және оны талқылау мақсатында жергілікті қауымдастық мүшелері мен белсенді тұрғындардың қатысуымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ауылдың облыс және аудан деңгейінде шешімін таппай отырған халықтың тұтынуы үшін алғашқы қажеттілік болып табылатын мәселелерін анықтау үшін сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесімен Қамыстыбас ауылының қажеттілік картасы жасалып, Мәжіліс, Сенат депутаттарымен кездесу барысында ұсыным ретінде, министрліктердің күн тәртібіне енгізу үшін жарияланатын болады.

Кездесу барысында Қамыстыбас ауылы белсенділер мектеп жанынан бастауыш сыныптарға арналған қосымша мектеп салуды (орны белгіленіп қойылған, қаражат мәселесі шешімін таппай отыр), ауылды көгілдір отынмен қамту мәселесі және көшелерді жарықтандыру мен жол жөндеу жұмыстарын ең басты қажеттіліктер қатарына қосуды сұрады. Ғани Мұратбаев ауылы Әйтеке би кентіне ең жақын орналасқандықтан, тұрғындар саны артып келе жатырғандығын, десе де жастар арасында жұмыссыздықтың көптігі, оларға мемлекет тарапынан берілетін қаржылай 2,5 пайыздық грантқа бизнес жоспар жасау үшін кепілге қоюға қажетті жылжымайтын мүліктерінің жоқтығынан ешқандай мүмкіндіктері болмай отырғандығын,  мектеп, балабақша керектігін, ауыл үшін маңызды техникалармен қамтамасыз етіп, оны әкімдік балансына беруді, бұлақ көзінің жоқтығын, жол жөндеу, кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына қатысты түйткілді мәселелер мен мемлекеттік тапсырыс заңдылығына өзгеріс енгізу керектігін және ол заңның қандай тұстары ауылдың дамуына кері әсерін тигізіп тұрғандығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Әлеуметтік жоба аясында келесі іс-шаралар алдағы уақытта ұйымдастырылатын болады:

  • Ауылдарда жергілікті тұрғындар арасынан белсенділердің басын біріктіре отырып, ҮЕҰ құру.
  • Ауылдың түйткілді мәселелерін анықтау, талқылау және шешу үшін әр ауылда тұрғындардың 3 жиынын өткізу. Қажеттілік картасын жасау. Жергілікті белсенділер арасында қажеттілікті анықтау мақсатында 2 сауалнама жүргізу.
  • «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі ҮЕҰ жұмысы және халықаралық қорлармен өзара әрекеттесу», «Азаматтардың мүдделері мен бастамаларын өзін-өзі ұйымдастыру және ілгерілету тетіктері», Жергілікті қоғамдастықтардың қатысуымен «Қазақстан Республикасындағы ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын іске асыру тетіктері» тақырыптарында ауылдық округтер белсенділеріне 3 семинар ұйымдастыру.
  • Қазақстанның Азаматтық альянсы мен Астана қаласының Азаматтық альянстарының қолдауымен ҮЕҰ қызметімен танысу, ауылдық округ белсенділерінің Астана қаласына жұмыс сапарын ұйымдастыру.
  • Жастардың қатысуымен экологиялық проблемалар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, қаржылық сауатсыздық сияқты үш мәселе бойынша тақырыптық -шығармашылық қойылымдар ұйымдастыру.
  • Ауылдық аумақтарды дамытудың басымдықтары мен қажеттіліктерін талдау және осы басымдықтарды жергілікті қоғамдастық мүшелерін тарта отырып, мемлекеттік органдардың күн тәртібіне енгізу.
  • Ауылды дамыту жоспарын талқылау, мүмкіндіктер мен аумақтардың өз ресурстарын, бәсекелестік артықшылықтарын анықтау, күшті және әлсіз жақтарын талдау, әрбір ауыл үшін кемінде 10 ұсынымдар әзірлеу (барлығы 30-дан кем емес) әр ауылда кемінде 3 кездесуден ұйымдастыру.
  • Жергілікті белсенділердің Сенат, Мәжіліс, облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарымен кемінде 9 (әр ауылда үш) кездесуін ұйымдастыру.
  • Ауылдың кем дегенде 3 нақты мәселесі бойынша оң шешім қабылдауға жеткізу.
  • Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде ауылдарда жұмыс iстейтiн ҮЕҰ-ға кеңестік, әлеуетін арттыру бойынша қолдау көрсетуге бағытталған шаралар ұйымдастыру, жұмысын одан әрi ілгерілету үшiн кемiнде 3 әлеуметтiк жоба әзiрлеу.
  • Дүниежүзілік тәжірибеден және еліміздегі мысалдар арқылы жергілікті қоғамдастықты дамытудағы ҮЕҰ табыстарымен, нәтижелі тәжірибелерімен таныстыру. Топтарды (мұғалімдер топтары, жастар топтары, медицина қызметкерлері топтары, фермерлер топтары) біріктіру мақсатында кемінде 6 презентация (әр ауылда 2) ұйымдастыру.

Жоба мерзімі: 2024 жылдың сәуір-қараша айлары аралығы.

Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<