Баға тұрақтылығы бақылауда

552

0

Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар 15 тауардың бағасы жоғарылап, 3 өнімнің бағасы төмендеген. І сортты ұн, нан, рожки, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, тауық еті, картоп, сары май, сиыр еті, сәбіз, қырыққабат, қант, айран, пияз, тұз қымбаттаса, күріш, жұмыртқа, сүзбе бағасы түсті. Ал сүттің бағасы бірқалыпты.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселе жақында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты талқыланды. Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Қазалы, Арал аудандарынан әлеуметтік дүкен ашу сонымен қатар өңірде туризмді дамыту мәселесі көтерілді.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың хабарламасы тыңдалды.

Басқарма басшысы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорына тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ айналым схемасы бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Мәселен, 2020-2021 жылдар аралығында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлініп, оның ішінде айналым схемасы бойынша 9 кәсіпкерлік субъектісіне 793 млн теңге берілген. Өнімдер «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ға қарасты 34 әлеуметтік дүкенде (оның екеуі  ет өнімдерін сатуға арналған) және Қызылорда қаласында орналасқан «Мирас», «Аль-Асад» дүкендерінің 8 филиалында, «Ажар Сити» дүкенінің 2 филиалында, «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет» секілді 5 ірі супермаркетте келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыш­тарда сатылуда. Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорынан 131,2 млн теңгенің 988,2 тонна азық-түлік тауарлары сатылған. Қазір  қорда 1041,4 тонна өнім сақталып, төмен бағада саудалануда. Онда бірінші сортты 616,5 тонна бидай ұны, 96,1 тонна күріш, 235,4 тонна қант, 71,6 тонна макарон, 21,9 тонна қарақұмық жармасы бар. Нақты кезеңде  тұрақтандыру қорына 306 тонна өсімдік майы, 1000 тонна картоп, 200 тонна жуа, 100 тонна сәбіз, 50 тонна қырыққабат, 100 тонна күріш пен 368 тонна қарақұмық жармасын сатып алу (ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу рәсімі) жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Бағаның өсуі көпшілікті алаңдататыны белгілі. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыруға бағытталған Жол картасында әлеуметтік дүкендер ашу да жоспарланған. Мақсат – белгіленген бағада әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сөрелерде тұруын қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда Қармақшы ауданында биыл 2 дүкен ашылу жоспарланған. Бүгінде екеуі де ашылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақты деңгейде ұстауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп отыр. Осы ретте өзге  аудан әкімі орынбасарларының есептері тыңдалды.

Кеңес отырысында өңірде туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да назарға алынып, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев жобалар туралы есеп берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<