Жамбылдың жалынды жыр кеші

1613

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен 6 жасында өзінің жалынды жырларымен алты Алашқа танылған Жамбыл Дүйсенұлының «Тәуелсіздігім – тұмарым, бірлігім – ұлы ұраным» атты шығармашылық кеші өтті.

Жыр кешіне облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Жанұзақов қатысты. Жас ақынға шығармашылық шабыт тілеп, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың Алғыс хатын табыстады.

Жамбыл Дүйсенұлы бүгінде 19 жаста. Жас болғанына қарамастан ол 3 поэзиялық жыр жинағын шығарған. Оның өлеңдері терең лирикамен ерекшеленіп, қазақ поэзиясының алыптары Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың және Фариза Оңғарсынованың туындыларымен үндестік табуда.

Небәрі 4 жасыннан жыр жазып, 7 жаста жыр кешін жасап елді аузына қаратқан ақын бала шығармашылық кеште «Ана тілім», «Тілдің жайы жөргектен», «Ару қалам Алматы» және т.б. туындыларын оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Таудай талабымен талайды таңдандырған Жамбыл зеректігінің арқасында түрлі байқауларда топ жарып жүр. Тіпті өз қатарластарынан мектепті 3 жыл ерте аяқтаған. Елге бала Жамбыл болып танылған ол 18 жасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық журналистика мамандығы бойынша ағылшын тілінде аяқтаған.

Жас ақын шығармашылық кеште отты, жалынды жырларынан бөлек марқұм болған әжесі мен әпкесіне арнаған сезімге толы өлеңін оқып, көрерменнің жанын тебірентті.

Ақын жанын тереңінен ұғынған қауым көздеріне жас алып, кеш иесіне ақжарма тілектерін жолдады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<