Балаби – шешендік өнер шырағы

1122

0

Кеше Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде Бименбет Есенәліұлының 210 жылдығына арналған «Дәуір дүлдүлі Балаби – шешендік өнер шырағы» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға ғалымдар, зиялы қауым, аудан ақсақалдары мен тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып, тағылымды шараның мақсатын сөз етті.

–   Қазақ халқының тарихында билер сөзінің маңызы ерекше. Бірнеше ғасырдан бері халықтың кәдесіне жарап, ұмытылмай келе жатқан сондай асыл сөздердің жиынтығы Балаби есімімен байланысты. Балаби – әділдігімен, алғырлығымен, туралығымен, шыншылдығымен ел жадында сақталған тұлға. Атақты ақын Мәнсүр Бекежановтың Иманжүсіпке өлеңмен жазған хатында «Балаби – датқалардың үлкені» деп айтылады. Осыдан-ақ оның өз заманының сұңғыласы болғанын аңғару қиын емес. Бүгінгі шараның мақсаты да тарихи тұлғаны жас ұрпаққа дәріптеу. Балабидің ғибратты ғұмыры мен өнегеге толы мұрасын зерттеу мұнымен тоқтамайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Конференция аясында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын-жазушы, елге белгілі қаламгер, облыстық «Сыр бойы» газетінің журналисі Дүйсенбек Аяшұлының «Мың жылдық мирас» кітабының тұсауы кесілді.

Ғылыми-танымдық конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай, қаламгер Дүйсенбек Аяшұлы, облыстық музейдің ғылыми қызметкері Гүлжанар Оразалиева, Шиелі аудандық өлкетану музейінің ғылыми қызметкері  Бекболат Әбуов баяндама жасап, Балабидің ғибратты ғұмырына тоқталды.

Ерте жастан ел ішіндегі дау-дамайды шешуге араласқан Бименбет Балаби атанған. Тарихи деректерде Балаби шешен 1811 жылы Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм, Жөлек ауылдарының маңында өмірге келген деп айтылады.  Күні бүгінге дейін ел жадында Балаби есімімен сақталған тұлғаның атында Шиелі ауданында ауыл бар. Баба есімін дәріптеу, ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында спорттық жарыстар, ақындар мүшәйрасы сынды шаралар өткізіліп келеді.

Конференция соңында Балаби шешенге арнап кітап жазған Дүйсенбек Аяшұлына құрмет көрсетіліп, қазақы дәстүрмен шапан жабылды.

Шараны «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, бимен көркемдеді.

Шара соңында мектеп оқушылар арасында Балабиге арналған шығармашылық байқау жеңімпаздары марапатталды.

Осы күні «Оқшы атада» Балаби бабаға ас беріліп, құраннан дұға бағышталды.

Р.Арыстанбай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<