Бақша еккендер бәрінен озды

432

0

Биыл қазалылықтардың бақшасы бабымен пісті. Су да уақытылы жетті, ит пен құс, қарға-құзғыннан қоруы сәтті өтті. Желіге байланған қозыдай әр жерде дөңгеленген сарыала қауын мен көкала қарбызды тамыз айынан бастап пәлектен үзген еді. Ала жаздайғы бейнет ақталып, өнім Қазалы базарынан бөлек, арғысы Арал, бергісі «Төретам» кенті, «Ақай» ауылының тұрғындарына сатылуда.

Қазалыда 2400 гектарға жуық бақша, картоп және көкөніс егілген. Бұл – осы жылдың мәліметі. Оның ішінде Сырдария өзенінің арғы бетіндегі «Ақжона» ауылдық округінде 83, «Майдакөл» ауылдық округінде 132 гектар жер осы дақылдарға арналған. Қазір қауын-қарбыз, асқабақ пен картоп, сондай-ақ басқа да дақылдар жиналуда. Жалпы бақшаның шығымы былтырғыдан жоғары болғанға ұқсайды.

Айтпақшы, осы Ақжонаның қауын-қарбызы сонау Сарыарқаға дейін барғанын айтқанымыз жөн. Әр жылдың қыркүйегінде болатын жәрмеңкеде аймақтың күріші мен балығынан бөлек, Қазалының бақшасында піскен осы өнімдерге сұраныс көп болды. Біз сонда жүріп, өзінің бақшасынан жақында ғана үзген қарбызын астаналықтарға сатып жатқан «Майдакөл» ауылының диқан жігітімен тілдескенбіз. Кейіпкеріміз Медет Аяғанов 2000 шақырым жолды алыс тастап, Астанаға бірінші рет келіпті.

– Ауыл жігіттері 4-5 жылдан бері егін егумен айналысамыз. Биыл бес гектар жер алып, бақша ектік. Қауын мен қарбыз, асқабақ тұқымын мол тастадық. Нәтижесі осы. «Баптай білсең, жер жомарт» демей ме?! Жеріңді күтіп, келетін судың қарығын қадағалап отырсаң, өнім бар. Қазір астаналықтарға 20 тонна бақша дақылдарын әкелдік. Сатып алушы көп болды, – деген еді ол.

Тағы бір айта кететін жайт, биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен азаматтардың табысын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін әрбір ауылда жер дайындалды. Ол жерге тұрғындар картоп, көкөніс, бақша егіп, қажетті өнімін алуы тиіс. Артылғанын сатса да жарасады.

Осыған байланысты Қазалыда 130 гектар жер дайындалған еді. Оның 65 гектарына бақша, 50 гектарына көкөніс, ал қалған жерге картоп егілді, 260 адам осында еңбек еткен. Мысалы, аудан орталығы Әйтеке би кентінің оңтүстігінде орналасқан «Құмаша» каналының бойында 12 адам бірігіп, 7 гектар жерге бақша, картоп, көкөніс өсіріпті. Бұдан бөлек, «Мектепбай» учаскесінен көлемі 17 гектар болатын жерде кәсіпкер В.Тайлақбаева дақылдарды күтіп-баптаған.

Ал Жанқожа батыр ауылының тұрғындары 12, Бекарыстан би ауылының азаматтары 19, майдакөлдік жігіттер 23 гектар жерде бақша баптапты. Қосымша «Дүзбаев» шаруашылығы су насосы арқылы 11 гектар жерге картоп еккен.

Өзге ауылдар да қалыс қалмаған. Бастысы, Сырдария суын тиімді пайдаланып, жер кетпендеп, қарық қазғандар әзірге алда тұр. Өнімін пайдаға жаратып, пұл тауып жатқандар жеткілікті. Шыны керек, бүгінде қыстың қамын жаз ойлағандардың қатары көбеймесе азаймаған.

Расымен облыс басшысының бастамасымен қолға алынған бақша егістігін арттыру бастамасы өңірдегі азық-түлік бағасына да оң әсерін тигізері сөзсіз. Көкөніс пен картоп-жуасының өзінен шыққаны, ішкі нарықтың жергілікті өніммен қамтылуы бағаны тұрақтандыруға бірден-бір себеп болары анық.

Ержан Бекмырзаұлы,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<