Бейберекет қалдық қоршаған ортаны ластайды

239

0

Қалдық қоршаған ортаны ластайды. Жер бетіндегі зиянды заттардың  жинақталған массасы топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жерүсті және жерасты суларына жағымсыз әсерін тигізеді. Қоқыс жанған кезде атмосфераға өте көп улы заттар бөлініп, тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және  иммундық жүйелердің ауытқуларына да әкеліп соғуы мүмкін.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ арасында қалдықтар орналасқан жерлерді қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілім қызметі бойынша келісім-шарт жасалып, соған сәйкес 2018 жылдан бастап қала маңындағы 50 шақырым белдеуде орналасқан бейберекет қалдық орындарын жою көзделген еді.

Былтыр аталған ғарыштық мониторинг нәтижесінде 74 рұқсатсыз қалдық орны анықталып, өңір республикада алғашқылардың бірі болды. Қысқа мерзімде анықталған қалдықтарды экология департаменті жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып толықтай жойды.

– Департаменттің заңсыз қалдық орындарын болдырмау жөніндегі жұмысы нәтижесіз емес. Рұқсатсыз тасталған қалдық орындары жыл сайын азаюда. Атап айтқанда, 2018 жылы 240 орын, 2019 жылы 228 орын, 2020 жылы 136 орын, 2021 жылы 105 орын, 2022 жылы 99 орын анықталса, 2023 жылы 74 рұқсатсыз қалдық орны табылған. Бұл сандар қалдыққа қатысты көрсеткіштің жылдан жылға азайып келе жатқанын көрсетсе де, тұрғындар арасында үйреншікті қоқыс алаңдарын қалдыққа толтыру тоқтамай келеді.

Бүгінгі күні Қызылорда облысы стихиялық қалдық орындарын жою жөнінде атқарылған шаралар нәтижесі бойынша аймақтар көрсеткішінде алғашқы орында тұр. Бірінші ретте заңсыз қалдық орындарының түзілуін болдырмауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру да біздің құзырымызда, – дейді облыс бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әлішер Шамкенов.

Айта кетейік, департамент қала аумағындағы заңсыз қалдық орындарын анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып келеді. Нәтижесінде тиісті әкімдіктерге қалдықтан тазарту, бүлінген жерді қайта қалпына келтіру туралы мәселе қойып, жергілікті атқарушы органдар жедел түрде тазартуда. Оның айтуынша, қалдыққа көмілген жеке жер иелеріне әкімшілік шара көріліп, тіпті, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Оған қарамастан қала тұрғындарының қалдық тастау мәдениеті қалыптаспай келеді.

Сонымен қатар көктемгі көркейту-көгалдандыру және санитарлық-тазалық сенбіліктері облыс көлемінде тұрақты түрде жүргізілуде. Осы ретте тұрғындарды баршамызға ортақ қала тазалығын сақтап, Сыр өңірінің табиғатын қорғауға шақырамыз.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<