Сыршыл ақынға арналды

1330

0

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінде көрнекті лирик ақын Сағи Жиенбаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған поэзия кеші өтті. Іс-шараны қалалық №20 кітапхана ұйымдастырған.

Нәзік жырымен оқырманын елең еткізіп, қазақ әдебиеті әлеміне 60-жылдары келген Сағи Жиенбаев – түрлі тақырыпта жырлаған көрнекті ақын. Оның поэзиясында табиғаттың әсем сұлулығы, әсерлі махаббат, жан сұлулығы, тап-таза сезімдер өрнектеліп суреттелген. Кеште ақынның осындай өлеңдерін колледж студенттері жатқа оқыды.

Қырық жылдық шығармашылық қызметінде Сағи Жиенбаев айрықша ақындығымен танылды. Лирик ақынның «Қарлығаш» атты алғашқы жыржинағы 1959 жылы жарыққа шықты. Шарада қалалық №20 кітапхана кітапханашысы Падиша Шманова оның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертті.

– Өкінішке қарай, халқына осындай жыр сыйлаған ақын дәл туған күнінде, 60 жасында дүниеден озды. Соңында қалған оқырманы барда Сағи ақынның сырлы өлеңдері мәңгі өмір сүреді. Сондықтан оның көркем мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – баршамыздың парызымыз, – деді ол.

Кеш барысында Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің студенті Қарақат Әбдікәрім Сағи ақын сүйіп тыңдаған халық әні « Ақеркені» орындады. Сондай-ақ С.Жиенбаевтың өмірі мен шығармашылығынан арнайы видеослайд көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<