Білім берудің жаңа мүмкіндіктері алқалы жиында айрықша аталды

685

0

Екі жылдан бері пандемия салдарынан педагогтердің тамыз кеңесі өткізілмеген еді. Жаңа оқу жылы қарсаңында бұл келелі кеңестен ұстаздардың күтері көп. Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы алқалы басқосуда 1000-ға жуық педагог болды. Сала қызметкерлері білім мен тәрбие берудің мәселелерін ортаға салып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы ұстаздардың алдағы міндеттерін саралады.

Кеңес жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова және облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, мәслихат депутаттары, сала ардагерлері қатысты. Пленарлық мәжіліс жұмысы онлайн режимде Youtube желісі арқылы трансляцияланып, аудан әкімдері мен аудандағы педагогикалық қауым бейнеконференциялық байланыста болды.

Білім беруді дамытудың келелі кеңесін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, өңірде бұл бағытта қолға алынған ауқымды жобаларды таныстырды.

– Білім – жан-жақты және жүйелі жұмысты қажет ететін күрделі, әрі ауқымды сала. Соның маңызды құрамының бірі – қаражат мәселесі. Биылғы жылы білім саласына бөлінген қаржы  204,8 млрд теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 42,8%-ын құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Алдағы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі арта бермек.

Біз үшін бала өмірі, оның қауіпсіздігі қашанда маңызды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында балабақшаларға лицензиялау тәртібін қайта енгізу міндеті қойылды. Мәселе бала қауіпсіздігіне тікелей қатысты болғандықтан, бұл міндеттер бірінші кезекте орындалуы тиіс. Бүгінде облыстағы 601 балабақшаның 439-ы жеке сектордың үлесінде, яғни басым бөлігі шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі. Ендігі кезекте балабақша құрылтайшылары да жоғары жауапкершілік танытып, қауіпсіздік мәселесіне жете мән беруі керек, – деді облыс әкімі. Осы ретте облыстық білім басқармасы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен бірлесіп, қыркүйек айынан бастап көтерілген мәселеге қатысты тиісті дайындық шараларын жүргізуді қолға алуды тапсырды.

Бүгінде апатты және үш ауысымды мектептерді жою кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Аймақтағы 6 мектептің үш ауысымға өту қаупі барын айтқан облыс басшысы, апатты деп танылған 3 білім ордасының үшеуі қыркүйек айында ел игілігіне берілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектеп әкімдіктің ұйымдастыруымен жеке инвестор есебінен салынуда. Қазалы ауданындағы №94 мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы 3 жылда облыста 20 мемлекеттік мектептің іргетасы қаланатын болады. Биылдың өзінде 6 жаңа мектеп бой көтерсе, оның 2-уі келер айда, қалған 4-уі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 6 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге қаралған.  Әрбір нысанның уақытылы әрі сапалы аяқталуына мердігерлер мен мектеп директорлары мүдделі болуы тиіс екенін Нұрлыбек Машбекұлы қаперге салды.

Жыл сайынғы демографияның әсерінен мектептерде орын тапшылығы туындайтыны жасырын емес. Қажеттілікті ескерген облыс басшысы жыл аяғына дейін қаладағы Абай мектебіне 550, №101мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс салынатынын айтты. Осы арқылы көп жылдардан бері шешімін таппаған бұл мектептегі үш ауысымға ауысу қаупі сейілмек. Тағы бір жағымды жаңалық – 2024 жылы «Арай», «СПМК-70» шағын аудандары мен Сырдарияның сол жағалауында жаңа мектептер бой көтеретін болады.

Кейінгі уақытта мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңеюде. 2020 жылдан ұстаздарға қажетті үстемақы төленуде, биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен  52,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Келесі жылы педагогтер жалақысы тағы 25 пайызға көбейеді. Бұл – мұғалімдерді әлеуметтік қолдаудың нақты бір қадамы екеніне тоқталған облыс әкімі қоғам алдында ұстаздардың беделін арттыруға ынталы екенін тілге тиек етті.

Білім беру жүйесіне ротациялау тәртібін енгізу уақыт талабынан туындаған міндет. Рас, бізде бір орында 10-15 жыл және одан да көп қызмет атқарып жүрген директорлар аз емес. Олардың арасында өз жұмысын жетік білетін, білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосып жүрген басшылар да бар. Әлеуметтанушылардың пікірінше, мекемені ұзақ жылдар басқару адамның бастамашыл идеясы мен жұмысқа деген ынтасын төмендетеді. Сәйкесінше, басшыларды ротациялау сала дамуына жаңаша леп, тың серпін береді. Осы мәселеге қатысты облыс әкімі білім басқармасына заң шеңберінде ротациялау рәсімдерін 1 қазанға дейін аяқтауды тапсырды.  Сонымен бірге экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, дарынды шәкірттер мен олардың ұстаздарын қаржылай қолдауға қатысты ұсыныс енгізуді қадап айтты.

– Бірнеше ай бұрын жазғы тынығу лагерьлерін аралап, балалардың жағдайымен таныстым. Шын мәнінде, бізге әлі де болса, лагерь жұмысын жандандыру қажет. Қызметі жыл он екі айға лайықталған «Қамбаш» және «Талдысу» лагерьлері тек жазғы маусымда ғана жұмыс жасауда, қалған уақытта бос. Балалардың білім қарқынына ілесіп, таным көкжиегінің кеңейгенін қаласақ, лагерьлердің жыл мезгілдерінде де балаларға барынша тиімді қызметін ұйымдастыруға міндеттіміз. Менің тапсырмаммен биылдан бастап екі лагерь жыл бойы жұмыс жасайтын болады. Мұнда аймақтың дарынды балалары республикалық, халықаралық олимпиадаларға дайындалып, үздік ұстаздардың тәлімін алып, дәрісін тыңдайды. Бұған облыстық бюджеттен 86 млн теңге қарадық. Келешекте бұл қаржы еселеп қайтады. Осы ауқымды жұмыстардың жалғасы ретінде – Қызылорда қаласы, «Сабалақ» саяжайындағы 150 орындық қосымша білім беруорталығы мен Қармақшы ауданындағы тынығу лагерін қайта құрылымдап, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ретінде келесі жылы пайдалануға береміз. Облыстық құрылыс басқармасына нысанның сапалы қабылдануын және құрылыс жұмыстарына қатысты мердігерлермен бірлескен тиісті жұмыстарды аяқтауды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Әрбір баланың шығармашылықпен, спортпен айналысуға еркі бар. Оның пайдасы ұшан-теңіз. Десек те «Артспорт» платформасында бірқатар  келеңсіздіктер орын алды. Тамыз мәслихатында оқушыларды үйірмемен қамту жалғасатыны белгілі болды.

 Жастардың дер кезінде мамандық алуы мен жұмыспен қамтылуы да бүгінгі күннің басты бағыттарының бірі.  Алда «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасы  өз жалғасын табады.  Аталған мақсатқа биыл республикалық бюджеттен  1600, облыстық бюджеттен 3108 мемлекеттік тапсырыс (грант) бөлініп отыр. Облыс басшысы білім басқармасына аймаққа қажетті мамандар дайындауды, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын кешенді дамытуды жүктеді.

– Биылға «Балалар жылы» деп атау беріліп, айдар тағылғанымен, бүлдіршіндерге қамқорлық бір жылдың ауқымымен шектеліп қалмасы анық. Балалар жыл он екі ай үлкендердің көз алдында, елінің қамқорлығында болуы тиіс. Өңірде атаулы жыл аясында атқарылу үстіндегі жұмыстар легі ауқымды. Біз бұл жылды ұрандатып өткізбей, нақты іспен дәйектеуді ойластырдық. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызға ие шара – Қызылорда қаласында көпбалалы отбасылар үшін 50 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Балаларды қорғау күнінде арнайы санаттағы балалар мен халықаралық пәндік олимпиада жүлдегерлеріне ноутбук, республикалық лагерьге жолдама табыстадық. «Атамекен» балалар ауылының түлектері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантына ие болды. Ал, балалар үшін қомақты сый – Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайын» салу бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшылығымен келісімге келдік. Нысан Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеретін болады. Бюджетте қаржы жоқ, қаралмаған деп, жеткіншектер үшін ең қажетті жобаларға келгенде үнсіз қалуды жөн көрмедік. Себебі дана халқымызда «Жоқ деген жерге, бардың шырағын алып бар» деген жақсы сөз бар. Біз балалардан ештеңе аямаймыз. Бұл ретте, мерейлі жылы балаларға тарту ретінде демеушілер есебінен 1 млрд теңгеге қаламызда 50-ге тарта спорт алаңын, аудандарда 600 млн теңгеге 30-дан астам ойын алаңын салудамыз. Бұл – балалардың бос уақытын тиімді пайдаланудың жақсы мүмкіндігі. Осы мінберді пайдалана отырып, балаларға үлкен қуаныш сыйлаған барша кәсіпкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Кәсіпкерлер есебінен мұндай спорт алаңдарының бір мезетте салынуы, аймақ тарихында бұрын-соңды болған емес, – деді облыс әкімі. Мәртебелі мамандық иелеріне ризашылығын білдіре отырып, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Тамыз кеңесінің жұмысына арнайы келген Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев салалық министрліктің алдағы оқу жылында атқаратын жұмыстарына тоқталды.

– Бүгінгі таңда білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар өте ауқымды. Соның бірі мұғалім мәртебесі туралы Заң қабылданғаннан бері қағазбастылықтан біршама арылдық. Келесі жылы ұстаздардың жалақысына 25 пайыз қосылып отыр. Барлық қосылып отырған үстемелерді санамалайтын болсақ, ауыл мұғалімінің айлығы 400 мыңға жуықтады. «Үздік педагог» мәртебесі атағын иеленгендерге 1000 АЕК сыйақысы тағы бар. Ол 3 миллионға жуық қаржы. Сонымен бірге, өткен жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген ұстазы атағын 26 мұғалім иеленді. Оған да 1000 АЕК көлемінде сыйақы қаралған. Былтыр Тәжікстанда педагогтердің съезіне барғанымда біздің министрлік білім саласындағы істерді баяндағанда бүкіл ұстаздар қол соғып, таңданыстарын жасырмады. Өздерінің «Қазақстанға келіп, мұғалім болуды армандап отырмыз» дегені есіме түсіп тұр. Білім беру саласындағы мұғалім мәртебесін көтерудегі жұмыстар биыл да жалғасын табады. Аталған салада 25 жылдан артық еңбек еткен ұстаздарға «Білім саласына адалдығы» құрмет белгісі  тағайындалып отыр. Бұл барлық 25 жылдан аса қызмет еткендерге беріледі. Бүгінгі мектепалды даярлықта да өзгерістер бар. Мектепке дейінгі білім мекемелерінің сапасын арттыруда да жұмыстар жасалуда. Пилоттық жобаның бірі – 17 аймақта  бүкіл балабақша қызметін жандандыруға бағытталған 34 методикалық орталық құрылуда. Жағымды жаңалықтың бірі – бұрын балабақшада бір тәрбиеші және бір көмекші болса, енді екі тәрбиеші тағайындалады. Олардың айлығы 100 мың теңгенің айналасында еді, енді сол тәрбиешінің айлығы екі есе артады. Екіншіден,  балабақшада екі тәрбиеші және бір көмекші болады. Жаңа оқу жылындағы тағы бір жаңалықтан хабардарсыздар, ол – оқу аптасының екі аптаға артуы. Бұл өзгерістің енгізілуі негізінде оқушылардың жүктемесі жеңілдеп, мұғалімдердің жұмыс кестесі оңтайланады. Министрлік тек оқушыларды ғана емес, сенбі күні мұғалімдер мен мектеп директорлары да демалу керек деген бастаманы көтеруде. Бұл мәселені біз бақылап отырмыз. Баламен жұмыс істеуде демалыстың болуы да қажеттілік. Бірінші сыныпқа баратын оқушылар тек «әліппе» мен «ана тілін» оқиды. Орыс тілі екінші сыныптан, ал үшінші сыныпта ағылшын тілін оқыту мәселесі қолға алынады. Жалпы  жаһандық курстарды енгізу былтырдан бастап қолға алынған болатын. Оның аясында балаларды жан-жақтылыққа дайындаймыз. Соның бірі мектепте домбыра үйретуді жоспарлап отырмыз. Президент тапсырмасымен елімізде мың мектептің құрылысын салуды жалғастырамыз. 2021-2025 жылдар аралығында 1 миллионға оқушы саны артады екен. Мектептерде орын тапшылығын болдырмаудың алдын алуда Мемлекет басшысының тапсырмасы өңірлерде жалғасады. Өткен жылдың өзінде 277  мектеп пайдалануға берілді. Биыл 725 білім ошағы іске қосылады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бұл мектептерді салуды мемлекеттің мойнына алуды тапсырып,  «жайлы мектеп» жобасын қолға алуды жүктеген еді. Бүгінгі таңда бұл жоба аясында 504 мектеп таза республикалық  бюджеттен қаржыландырылды. Осыған дейін мектептер кітапханаларында көркем әдебиет кітаптарын алу 5 -ақ пайызды құраған екен. Президенттің қолдауымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асуда. Оған бірнеше миллион ақша қаралып, жыл сайын мектеп кітапханасындағы көркем әдебиеттердің алынуы қадағаланып отыр. Кейбір мектептерде 200 данаға дейін біркелкі кітаптарды сатып алған. Біз оларға ескерту жарияладық. Бекітілген 200 дана кітаптың тізімін жібердік. Бірақ барынша қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетін, заманауи кітаптарды, оқушыларды қызықтыратын кітаптарды қамтуды қолға алуларыңыз керек, – деді вице министр. Сонымен қатар ыстық тамақпен қамту мәселесін де сөз етті. Республика бойынша 1-4 сынып аралығындағы оқушыларды 6 өңір қамтып отыр. Биылдан бастап Алматы қаласы қосылған. Бұл бастамаға Қызылорда облысы да келер жылы қосылатынына сенім білдірді.  Республика көлемінде мектебі жоқ 1066  елді мекен бар. Онда 25 мыңнан аса оқушы тұрады. Оқушыларды қолайлы, жайлы автобустармен қамтамасыз ету мемлекеттен қолдау табуда. Биылдың өзінде қауіпсіз 515 автобус алынатын болса, оның ішінде біздің өңір де қарастырылған.

Алқалы жиында білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет облыстың білім беру жүйесін дамытудың негізгі міндеттерін айтты. Оның сөзінше, мектепке дейінгі білім беруде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың жаңартылған тәсілдеріне, баланы тәрбиелеу процесіне отбасын тартуға негізделген жаңа модельді іске асыру жалғасатын болады. Осы ретте мектепке дейінгі ұйымдарда басшылар мен тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, жаңа бағдарламалар енгізу, балабақшалар жұмысының сапасын арттыру көзделуде.

–    Ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамту міндеті тұр. Бүгінде облыс бойынша бұл көрсеткіш 90%-ды құраса, Қызылорда қаласында 86 %. Аталған индикаторға қол жеткізу мақсатында бизнесті белсенді тарту арқылы жұмысты жалғастырамыз. Алдағы уақытта лицензиялау талаптарының кезең-кезеңімен енгізілетінін ескере отырып, ашылатын орындар мен балабақшалардың талапқа сай болуын қамтамасыз етеміз. Облыстағы 65 балабақша аттестаттау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 33-і (50,8%) қайта аттестаттауға түсіп, 27-і өткен, қалған Арал, Шиелі, Жаңақорған, Қызылорда қаласындағы 6 балабақша қайта аттестатталады. Осыған сәйкес, басқарма мен білім бөлімдері мектепке дейінгі ұйымдарда аттестаттау, кезең-кезеңімен енгізілетін лицензия талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдайтын болады. Өздеріңізге белгілі жаңа оқу жылы жаңа міндеттер жүктеуде. Қызылорда қаласындағы үш ауысымда оқытатын 6 мектептен басқа, аймақтағы барлық білім беру ұйымдары 5 күндік оқу аптасына ауыстырылады. «Денешынықтыру» және «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні топқа бөлінбейді. Осы себептен аймақтағы денешынықтыру және орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің сағат жүктемесі төмендеп отыр. Өткен оқу жылында облыстағы 2 095 денешынықтыру пәні мұғалімінің 623-і немесе 29,7%-ы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен 1689 мұғалімнің 511-інде, яғни 30,2%-ында апталық жүктемелері 6-15 сағат аралығында қалыптасқан. Осымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 1 721 мұғалімнің 708-і немесе 41%-ның сағат жүктемесі толымсыз. Осының ішінде Қазалы ауданында – 55 %, Жалағаш пен Сырдария аудандарында – 61 %, Шиелі ауданында – 64 % болып отыр. Жаратылыстану бағытындағы биология пәні бойыншада осы тектес жағдай. Аймақтағы 695 биология пәні мұғалімінің 46,6%-ның жүктемесі толмаған. Басқа пәндер бойынша да осындай жағдай. Апталық оқу жүктемесінің толық қалыптаспауы білім сапасына тікелей әсер ететіндігі айтпаса да түсінікті.

Осыған сәйкес, мектеп директорлары ұстаздардың апталық оқу жүктемесінің толық болуын, сағаттардың ұсақталмай бөлінуін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл бойынша әр мектепке толық талдау жасалып, ұсыныстар берілетін болады. Денешынықтыру және орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша басқарма мен білім бөлімдері тарапынан мұғалімдерді тиісті жүктемемен қамту бойынша қажетті шаралар қабылдануда, – деді ол. Сонымен бірге басқарма басшысы алдағы оқу жылында «Алтын белгіге» үміткерлер «Алгебра және анализ бастамалары» пәні бойынша қорытынды аттестаттаудан «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» базасында өтетінін айтты. Педагогтер үш жылда кемінде бір рет біліктілік арттыру курстарына қатысуы тиіс. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруда өзара тәжірибе алмасу өте маңызды. Министрлік тарапынан біліктілік арттыру сертификаттарының бірыңғай базасы жасақталатынын да хабардар етті. Әрбір білім беру ұйымдарында педагогтердің біліктілік арттыру курсынан өту мерзімдеріне байланысты перспективалық жоспарлар әзірлеу керектігіне назар аударды. Бұл мәселе білім бөлімдерінің жіті бақылауында болатынын қаперге салды.

– Биыл мектепті 7 506 түлек аяқтап, оның 6570-і немесе 87,5% -ы ҰБТ-ға қатысты, өткен жылмен салыстырғанда тестілеуге қатысушылар саны – 2,7%-ға артты. Дегенмен ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында облыстың көрсеткішінен төмен. Тест қорытындысымен мемлекеттік білім беру грантын иеленуге қатысқан 5439 талапкердің 75%-ы немесе 4082-сі грант иегері атанды. Осы ретте, талапкерлердің мемлекеттік білім беру грантын иелену көрсеткіші бойынша Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласы төменгі деңгейде. Талапкерлердің басым бөлігі педагогикалық бағыттағы мамандықтарды таңдады – 1562 (38,3%). Оның ішінде оқу жылы қорытындысымен «Алтын белгі» иеленген түлектердің 160-ы, яғни 41,1%-ы педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңімпазы. Медициналық мамандық– 328 (8%), техникалық бағытқа – 1 128 (27,6%), ауыл шаруашылығы мамандықтарына – 302 (7,4%), басқа да мамандықтар бойынша  – 762 (18,7%). Өткен оқу жылы қорытындысымен мектеп директорлары Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспаған 936 және білім грантынан тыс қалған 1357, жалпы облыс бойынша 2 293 түлекпен жеке жұмыс жүргізіп, олардың орналасуын қамтамасыз етуі тиіс. Білім бөлімдері осы жұмысқа тікелей жауаптылықта, – деді М.Шермағанбет.

Педагогтердің басқосуында Сенатор Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, «Нұрай» ЖШС құрылтайшысы, меценат, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Сейтқали Алшынбаев, №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Қарлығаш Ақышева саладағы өзгерістерге тоқталып, дарынды балаларды қолдау, білім берудің ортақ мәселелерін талқыға салып, идеяларымен бөлісті.

Жиын соңында облыстың білім саласының дамуына үлес қосқан ардагерлер мен ұстаздар құрмет төрінен көрінді. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Төлепберген Қасымов пен Марк Подольскийге облыс әкімі Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағын табыстады.

Ал білім беру ұйымдары арасында өткен конкурс нәтижесінде ауыл мектебіне 34 миллион теңгенің сертификаты бұйырды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаз атанған Арал қаласындағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының директорына арнайы грантты салтанатты түрде табыстады. Бұл мектеп республикалық «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 1200 орындық оқушыға арнап салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген. Білім ордасы серіктес мектеп ретінде қарамағындағы 15 мектеппен өзара ынтымақтастық орнатқан облыстағы инновациялық үлгідегі мектептердің бірі.

Кеңестегі қуанышты сәт – жуырда ғана кәріз құдығынан  кішкентай баланы құтқарған Арман Аманжоловқа облыс әкімінің демеушілер көмегімен екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстауы болды. Бозбаланың ерлігіне сүйсінген көпшгілік орнынан тұрып, қошамет көрсетті.

–    Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан ризашылығымды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға пәтер кілтін табыс етеміз, – деді облыс басшысы.

Жиында облыс әкімінің грантын иеленген 100 оқушының бірқатарына грант табысталды. Өңір басшысы үлкен өмірге қадам басқан жастарға сенім білдірді. Сонымен бірге, еңбегімен көзге түсіп, үздік шәкірттерімен танылған 3 мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 2 азаматқа «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі тағылды. «Еңбек ардагері», «Мейірім» төсбелгісінің иегерлері анықталып, 5 мұғалімге облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<