Биыл өңірде 1222 баспананың құрылысы аяқталады

439

0

Пандемия шектеулеріне қарамастан кейінгі 2 жылда азаматтарға 1984 баспана берілді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар пәтерлі болуда. Биыл 1222 пәтердің құрылысы аяқталмақ. Құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетовтың есебін тыңдап, алда атқарылуы тиіс жұмыстарды саралады.

Биыл өңірде 28 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 21 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, 7 жаңа нысан салынады.  Атап айтқанда, 13 білім беру, 7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталады. Мұнан бөлек, 3 мәдениет нысаны мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 нысанның құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, спорт және қоғамдық тәртіп салаларында бір-бір нысан бой көтереді. Айта кетейік, 28 нысанның 19-ы жыл аяғына дейін аяқталса, қалған 9 нысан 2023 жылға өтпелі деп жоспарлануда.

Арнұр Нұрмағанбетов арендалық үйлерді табыстау, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде құрылысы жүргізілетін нысандар бойынша ақпар берді.

Жыл ішінде Қызылорда және Байқоңыр қалалары мен Шиелі ауданында 372 пәтерлік 10 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, облыс орталығында 580 пәтерлік 12 кредиттік тұрғын үй мен 270 пәтерлік 7 жеке коммерциялық құрылыс салушылардың есебінен тұрғын үй салынады.

Бүгінде 55 әлеуметтік нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Стратегиялық бағытта Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» шағын ауданында 300 гектар және Байқоңыр қаласында 430 гектар аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында барлығы 13 нысанның құрылысы жүргізіліп, биыл олардың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделіп отыр.

Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын жүргізуде сапаға айрықша мән беріп, мердігер мекемелердің әрбір нысанды уақытылы аяқтауын бақылау қажеттігін ескертті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<