Цифрландыру дәрігер жұмысын жеңілдетті ме?

1032

0

Қазіргідей  заманда күнделікті өмірімізді цифрлық технологиясыз елестету мүмкін емес. Барлық сала цифрландыру жүйесіне көшкелі бұрынғыдай ұзынсонар кезек  азайып, қағазбастылықтан аз да болса арылғандаймыз. Бірақ, қандай да бір ісің компьютерсіз бітпейтіндігін ескерсек, біздегі интернет желісінің баяулығы біршама шаруаға кедергі болып тұр. Бұл денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға да қатысты.

Басың ауырып, балтырың сыздап дәрігердің қабылдауына бара қалсаңыз, бұрынғыдай карточка ұстап, оны парақтап отырған адамды көрмейсіз. Компьютерге аты-жөніңізді немесе ЖСН-ді енгізу арқылы денсаулығыңыз туралы барлық мәлімет дәрігер алдына шығады. Алайда бағдарламалардың тым ұзақ жүктелуі, кейде базаның ашылмауынан қабылдауда ұзақ отыруға тура келеді. Мұндайда жүйкесі шаршап кезекте тұрған науқастың ашуға булығатыны рас.

Жалпы денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйенің  кемшіліктері барын Президент те сынға алған болатын. Мемлекет басшысы саладағы цифрландырудың баяу жүріп жатқанын жасырмады. Бұл жүйенің қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырмағанын да қаперге салды. Министрліктің жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отырғанын, ал мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтардың тартып келетінін ашып айтты.

Расымен  бұл қосымша жеке компанияның үлесінде екен. Damumed – қазақстандық жеке IT-компания. Бұл мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз өз қаражатына құрылған. Бүгінде Damumed – бұл пациенттің айналасында құрылған және медициналық көмек көрсету процесінің барлық қатысушысына сервистер ұсынатын денсаулық сақтаудағы тұтас экожүйе. Медициналық ақпараттық жүйе және пациентке арналған қосымшаны отандық IT-мамандар күшімен тек компания қаражаты есебінен әзірлеген.  Мобильді қосымша 2017 жылы құрылды және пациенттерге, сондай-ақ медициналық ұйымдарға тегін беріледі.

Облыстағы денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмысының қалай жүргізіліп жатқаны туралы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Талғат Нұртазаұлынан білдік. Оның айтуынша, облыс бойынша денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

– Облыс көлеміндегі медициналық ұйымдардың байланыс арналарымен қамтылуы 86,4%, оның ішінде қала және аудан деңгейіндегі медициналық ұйымдардың қамтылуы 100%, аудан деңгейінен төмен медициналық ұйымдардың қамтылуы 82,7%. Денсаулық сақтау ұйымдары компьютерлік техникамен 100% қамтамасыз етілген. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияны барлық медициналық ұйым жүргізді. Қазіргі таңда облыс бойынша қала және аудан деңгейіндегі медициналық ұйымдар медициналық ақпараттық жүйелермен 100% (КМАЖ және АДИС) қамтылған. Медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу «нақты деректерді» қалыптастыру есебінен медициналық деректерді және медициналық құжаттаманы қағаз қолданбай жүргізуге көшіру үшін мүмкіндік береді. Медициналық ақпараттық жүйелерде жиналған ақпарат пациент туралы жаңартылған деректерді көріп, клиникалық шешім қабылдау үшін дәрігерлердің қолдануына өте ыңғайлы және тиімді.

Емханаларда халықтың цифрлық білімін жетілдіру және электронды көрсетілетін мемлекеттік қызметтер жөнінде халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында 35 цифрлық пост құрылды.

Тұрғындарға ақпараттық және электронды көмек көрсету мақсатында Damumed медициналық ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы енгізілді. Қазіргі таңда, 171176 тұрғын тіркелген. Облыс тұрғындарын электронды төлқұжаттармен қамту 94,3% құрап отыр, – дейді бас маман.

Демек осындай қосымшалар халықтың уақытын үнемдеуге, медициналық мекемелерді қағазбастылықтан арылтуға мүмкіндік тудыратыны анық. Бірақ орын алып жатқан кемшіліктер бағдарламалардың дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Қысқасы, оңтайлы жүйе қалыптастыру үшін олқылықтардың орын алмауына зер салған дұрыс. Министрлік Президент сынынан нәтиже шығарса, деніне саулық іздегендер табанынан тозып, сарылмайтынына  сенеміз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<