ДДСҰ басшысы пандемияның өте қауіпті кезеңі басталғанын мәлімдеді

427

0

Коронавирус пандемиясының өте қауіпті кезеңі басталды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости порталына сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, қазір вируспен күресуге арналған құралдары бар, яғни ең алдымен вакциналары быр мемлекеттер, шектеулерді жеңілдетіп жатыр.

«Осы уақытта тиімді құралдары жоқ елдер ауруханаға түсу жағдайлары мен өлім толқынына тап болды. Жағдайды вирустың жаңа штамдары күрделендіріп отыр», – деді ДДСҰ басшысы.

Гебрейесустың пікірінше, мұндай жағдайдан шығудың жалғыз жолы – елдер арасында тест, вакцина, дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдарын тең бөлу. 

Ұйым басшысы жағдай жақсаратынына үміт бар екенін айтты, атап айтқанда, бұл вакциналарды тарататын COVAX бағдарламасы. Ол елдерді осы бағытта күш-жігерді арттыруға шақырды.

COVAX – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Вакциналар мен иммундау жөніндегі жаһандық альянспен (GAVI) және Эпидемияға дайындық саласындағы инновациялар коалициясымен бірлесіп іске қосқан халықаралық механизм, ол өндіріс орындарын құруды және сатып алуды қолдайды.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, табысы жоғары елдер вакциналарды сатып алады, осылайша қаржыландырылатын мемлекеттерді субсидиялайды. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, пандемия басталғаннан бері бүкіл әлемде 184 миллионға жуық коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген, төрт миллионға жуық науқас қайтыс болған. Соңғы тәулікте инфекция жұқтырғандар саны 326 мыңға, өлім саны 6 347-ге артты.

Бұған дейін ДДСҰ Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райан әлемде коронавирустың таралуы тұрақталды деп мәлімдеген болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<