«DINTELLECT» интеллектуалды білім сайысы өтті

274

0

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, қалалық «Мүсірәлі ата» мешіті, Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен «DINTELLECT» облыстық интеллектуалды білім сайысы өтті.

Облыстық Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған додада сөз сөйлеген Сыр өңірінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Зияткерлік жарысқа ҚМДБ-ның Қызылорда облысы өкілдігіне қарасты аудан және қала мешіттерінің жастарынан құралған 20 топ қатысып, жалпы эрудицияға, ислам тарихына, пайғамбарлар және сахабалар өміріне, Қазақстан және әлем тарихына, салт-дәстүрге және әдебиетке негізделген түрлі форматтағы сұрақтардан тұратын 6 кезең бойынша сынға түсті.

Әділқазылар алқасының шешіміне сәйкес, «Алдажар», «Қарауылтөбе», «Сырдария» топтары үздік деп танылып, 100 000 тг, 70 000 тг, 50 000 тг көлеміндегі бәйге жүлдесін қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, белсенділік танытқан «Арал», «Қармақшы», «Әл-Уәли» командаларына 20 000 тг көлеміндегі ынталандыру сыйлықтары табысталды.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<