Дүние дүрмек

487

0

Азия ойындарының алауы

Бейсенбі күні Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы ежелгі Лянчжу қаласында XIX Азия ойындарының алауы жағылды.

Бұл – XIX Азия ойындарының ашылуына 100 күн қалғанын білдіреді. Ойындар 2023 жылдың 23 қыркүйегінен 8 қазанына дейін Ханчжоуда өтеді. Еске салайық, XIX Азия ойындары 2022 жылдың 10-25 қыркүйегі аралығында өтуі тиіс болатын. Кейін 2023 жылдың күзіне ауыстырылды.

Азия ойындары Қытайда үшінші рет ұйымдастырылмақ. 1990 жылы жарыс Бейжіңде, 2010 жылы Гуанчжоуда өтті.

Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, Ханчжоудағы ойындардың спорттық бағдарламасында 40 спорт түрі, 61 дисциплина және 483 іс-шара енген. Киберспорт пен брейк-денс жарыстары Азия ойындарында алғаш рет өткелі жатыр. Құрлықтық додаға Азия елдерінен 12 мың адам қатысады, соның ішінде Қазақстан спортшылары да бар.

Биік үйлерге тыйым салынды

Парижде мэр Анн Идальгоның атмосфераға көмірқышқыл газын шығаруды азайту бағдарламасы аясында 12 қабаттан жоғары, яғни шамамен 37 метрден асатын үйлерді салуға тыйым енгізілді.

Бұл шешімнің тағы бір себебі – дау тудырған пирамида тәрізді салынып жатқан Tour Triangle мұнарасы. Құрылыс 2021 жылы басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ, түрлі заңды тұрғыдағы және жоспарлау барысындағы дауларға байланысты 12 жылға шегерілді.

Tour Triangle құрылысы аяқталса, қаладағы биіктігі бойынша үшінші ғимарат болмақ. Онда қонақүй мен кеңселер, дүкендер мен дәмханалар болады.

Бірегей кесене тапты

Лондонның оңтүстігіндегі Саутуарк аймағында қазба жұмыстарын жүргізген археологтер қабырғалары мен едендері жақсы сақталған Рим дәуіріндегі бірегей
кесенені тапты.

Ғалымдардың пікірінше, бұл Британия Рим колониясы болған кезде Лондиниумның ауқатты тұрғындары үшін жерлеу орны болған. Кесене қалпына келтірілгеннен кейін оны тұрақты экспозицияға айналдыру жоспарланып отыр.

Зерттеушілерді таңғалдырғаны, бірінші мозаикалық еденнің астында ұқсас ою-өрнегі бар екіншісі табылды. Олардың пікірінше, кесенені бір сәтте қайта құру немесе жаңарту туралы шешім қабылданған.

Кесене қабір ретінде қызмет етуі керек болса да, онда саркофагтар табылмаған. Бірақ, жүзден астам монеталар, керамикалық бұйымдардың фрагменттері, плиткалар мен металдар табылды. Саутуарк археологтері қазба жұмыстарын көптен бері жүргізіп келеді. Кейінгі 50 жылдағы ең үлкен мозаика 2022 жылы табылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<