Дүние дүрмек

296

0

Ұшқыштар ереуілі

Австралияның Перт әуежайында «Qantas» әуе компаниясының ұшқыштарының ереуілі салдарынан ондаған рейстер тоқтатылды. «9News» телеарнасы хабарлауынша, ұшқыштар жалақыны 50%-ға арттыруды талап еткен. Ал әуе компаниясы 25%-ға көтеруге ғана келісіп отыр.

Айта кетсек, жалақының төмендігіне байланысты Ұлыбританияда да дәрігерлердің ереуілі өтіп, 1 миллионнан астам адам дәрігер қабылдауына жазыла алмаған болатын.

Базарға шақыруға тыйым салынды

Түркияның Анталия провинциясында саудагерлерге сатып алушыларды айқайлап шақыруға тыйым салынды. Ережені бұзғандарға 1295 лира (шамамен 50 доллар) айыппұл салынады. Айыппұл клиенттерді «қызанақ алыңыз» немесе «шырынды лимон алыңыздар» деген сияқты сөздермен өзіне шақырған саудагерлерге қатысты. Ал бұл базар сатушыларының мыңжылдық дәстүрі деуге болады.

Жаңа заңды Анталия базарларын тексеретін полиция қызметкерлері сатушыларға түсіндіруде. Егер бір жыл ішінде сатушы ережені бұзғаны үшін үш айыппұл алса, оған үш апта бойы дүкенін ашуға тыйым салынады.

Кванттық нүктелер

Биыл химия бойынша Нобель сыйлығын Луис Брюс, Мунга Баенди және Алексей Екимов иеленді. Ғалымдар кванттық нүктелер деп аталатын нанометрді жартылай өткізгіш кристалдарды ашып, синтездеген.

Кванттық нүктелер жарық шығаратын диодтар мен панельдер, лазерлер, күн батареялары мен фотоэлектрлік түрлендіргіштер, басқа да фотоэлектрлік жүйелерде қолданылады. Құжаттар мен бағалы қағаздарды қолдан жасаудан қорғайтын сияның бөлігі ретінде пайдалануға да болады. Уақыт өте келе кванттық нүктелер тұрмыстық электроникада да қолданылады деп күтілуде. Олар тіпті қатерлі ісікке ота жасау кезінде хирургтарға көмектесе алады.

«Осылайша, кванттық нүктелер адамзатқа ең үлкен пайда әкеледі», – делінген Нобель комитетінің баспасөз хабарламасында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<