Еңбектің әміршісі

196

0

Еңбек ардагері, ғалым-агроном, кезінде Қармақшы ауданының әкімі қызметін атқарған, Сырдария, Қармақшы аудандарының құрметті азаматы, Жахай Серікұлы Бодықбаев 80 жас­қа толып отыр.

Еңбегімен еліне елеулі болған, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар тер төгіп, қажыр-қайратын аямаған. Жахай ағамен алғашқы таныстық 1975 жылы Тереңөзек ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы сов­хозда директор болып тұрған кезінде болды.

Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, бұрынғы Қазақ ССР Су шаруашылығы министрі болған Сұлтан Момынұлы Сәрсенбаев мені аудан активіне  ертіп барған еді. Актив  жиналысында Жәкең біраз проблемаларды алдымызға қойды. Сол кезден бастап Жахай ағамен қоян-қолтық жұмыс істеу, ауылда тұрғын-үйлер салу, халықтық мәселелерді шешу қолға алынып, біраз жұмыстар шешімін тапқан еді.

Әсіресе, қуаттылығы жылына 3 миллион кірпіш шығаратын зауыт Қызылорда қаласында, сосын осы С.Сейфуллин атындағы совхозда болатын. Бұл кез Жахай ағаның орда бұзар отыздан асқан шағы. Қиындыққа тайсалмайтын, жаңалыққа жаны құмар, қара жұмыста әбден ысылып, еңбекте  шыңдалған кезі еді.

1975 жылдың ақпан айы. Те­рең­өзек ауданының бірінші хатшысы Қонысбек Қазантаев шақырып, жа­ңадан ашылған Сәкен Сейфуллин атындағы совхозға директор болып барасың деп Жахаңды көндіреді.

Шынында, бұл шаруашылықтың қиыншы­лықтары көп болатын. Судың аяғы, өзі жаңадан құрылып жатыр, жұмыс қолы жетіспейді, техника жоқтың қасы, бәрі ескі.

Алайда, жас директор 6 жыл сов­хозды басқарып, күріштің көлемін 1800 гектарға, орта өнімді 55 центнерге көтерді, ірі қараны 2800 басқа жеткізіп, ет-сүт өнімдерін өндіруде алдына жан салмады. Осы еңбектері еленіп, Москвадағы ВДНХ-да төрт рет жеңімпаздар қатарында болды.

1980 жылы облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының бастығы Ел­тай Байназарұлы Тыныштықбаев ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс жасап, Жахаңды бірінші орынбасарлыққа тағайындады.

Елтай аға: «бізге аудан басшыларымен, совхоз директорларымен терезесі тең, іскер, білікті, өзің сияқты басшы керек, мен сізге сенемін, бірлесіп жұмыс істейік» деді.

Шаруашылықтың қайнаған қаза­ны­нан пісіп шыққан, оның үстіне бұрын басқарған саласы болғандықтан бұл жұмысты да абыройлы атқара білді.

Алайда, бұрыннан Жахаңның іс­кер­лігін білетін Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов ағамыз Жахаңа «құда» түсті. Сөйтіп, Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы етіп тағайындады.Тағы да қызу еңбек басталды да кетті.

Сейілбек Шаухаманов алдағы үш жылда егіншілік мәдениетін арттырып, күріштің өнімділігін 42 центнер­ден 50 центнерге жеткізу, мал ша­руа­шылығын  облыстың алдыңғы қа­тарына шығару міндетін қойды. Бұл оңай тапсырма емес еді.

Жахаң ауданды алға сүйреу үшін аянбай тер төкті. Күн-түн деген жоқ, судың сағасында, егіннің жағасында жүрді. Тапсырма орындалды, үш жылда аудан күріштің гектарынан 52 центнерден өнім алды, жүгері, жоңышқа өнімі 3 есеге артты. Аудан Социалисттік жарыстың жеңімпазы болып Республиканың  «Қызыл Туын» жеңіп алды.

Онан соң Жахаң облыс­тық халықтық бақылау комитеті төр­аға­сының бірінші орынбасарлы­ғына ау­ысты. Шамалы уақыт аталған  қыз­метті атқарғаннан кейін үшінші рет облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы бастығының бірінші орынбасары болып қайта тағайындалды. Бұл кезде біздің мекемеміз орта­лық алаңдағы Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік универси­тетінің ғимаратында болатын.

Әлі есімде, 1992 жылдың 19 ақпаны. Жахаң жұмыста жоқ. Кеш­кісін теледидардан Жахаңның Қар­мақ­шы ауданының әкімі болып тағай­ындалғанын естідік.

Бұл кез тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Ең қиын уақыт. Кімге болса да сын сағаттары еді.

Жахаң Қармақшы ауданын 4 жылдан аса уақыт басқарды, елдің ауыз бірлігі мен саяси, мәдени өмірінің бел ортасында жүрді. Еңбегі еш кетпеді. Халықты соңына ерте білді. Қайбір сала болмасын, істеген ісі алға басып, қорытындысын ел көріп отырды.

Көгалдандыру, бау-бақша егу, кә­сіпкерлікті дамытуға күш салды.

Сол қиын кезеңде күнкөрісі тө­мен отбасыларға қамқорлық жасады. Қысқасы, елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына үлкен еңбек сіңірді. 1995 жылы экологиялық жеңілдіктерге байланысты зейнетке шықты.

Қол қусырып қарап отырмай өзінің туған ауылы – Тереңөзек ауданы, Ақ­жарма ауылындағы серіктестікті бас­қарды. Бұл жерде де абы­­ройлы болды, жұмысшылар ай­лықтарын уақытылы алып тұрды. Үш жылда 70 жанұя жаңа үйге көшіп, қоныс тойын тойлады. Егіншілік технологиясын дұрыс ұстай білді, халық  кәсіпкерлікке  бет бұрды. Мәдениет  үйлері,   балабақша, сауда орындары жұмыс істеп тұрды.

Еңбеккерлік қасиеті әкесі Серіктен жұққан, ол қиын, жоқшылық заманда отбасын, ағайындарын егін егіп, мал бағып, балық аулап аштықтан аман алып қалған аяулы жан болатын.

Жахаң – үлгілі отағасы. Құдай қосқан жары Шарбан Тәжмаханқы­зымен екеуі, ұлды – ұяға, қызды қияға қондырды. Қазір немере-шөберелерін сүйген үлкен әулеттің бәйтерегі.  

Тек өкініштісі жары – Шарбаннан ерте айырылып қалғаны.

Жахаң қоғамшыл. Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы­ның орынбасары. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысады, өзінің мол тә­жірибесін жастарға үйретеді. Тал егу, күріш, көкөніс өсірудің техноло­гиясын жете меңгерген нағыз маман. Сөзі ширақ, байыпты, ауыл шаруа­шылығының жанашыр-тілекшісінің өмір өнегесі өскелең ұрпаққа үлгі деп білеміз.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ.

облыстық ауыл шаруашылығы

 басқармасы ардагерлер 

кеңесінің төрағасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз