Ел рәміздері – асыл мұрамыз

491

0

Облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі 2023 жылға «Ел рәміздері – асыл мұрамыз» атты жоба қабылдаған болатын. Сол жоба бойынша жыл басынан бері жұмыс жүргізілуде. 4 маусым Рәміздер күні қарсаңында облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі қалалық А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханамен бірлесіп, «Ел рәміздері – асыл  мұрамыз» атты патриоттық кеш ұйымдастырды.

Кешке С.Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжінің студенттері, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлері, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі қатысушылары, кітапхана қызметкерлері, оқырмандар қатысты. Алдымен «Тарихтан туған рәміздер» атты кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жасалды, видеофильм көрсетілді. Патриоттық кештің модераторы А.Божанова «Отанымыздың ұлттық мақтанышы – мемлекеттік  рәміздер» туралы сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұраны жөнінде түсініктеме берді.

Содан кейін Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжінің студенттері жас оқырмандар қазақ ақындарының туған жер, Отан, рәміздер жайлы патриоттық рухта жазылған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Өздерінің де шығармаларымен таныстырды. Соның ішінде колледждің 1 курс студенті Ерсұлтан Тұрмахан Орынбекұлы «Ата заң» атты өзі шығарған өлеңін оқыды.

Кеш барысында «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестік мүшелері Сайлаубай Әбішев, Қырымбай Мұхамбетяров, Нұрмағанбет Құдайбергенов, Жүзбай Таңрықбаев, Жұпаркүл  Иманбаева, Жетербай Әбиев, Құлымбетов Ерғали, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару департаментінің заңгері Әбдиев Бақытжан Жүргенұлы рәміздерді құрметтеу, сақтау, әнұранды жатқа білу, орындау, жас ұрпақты  қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі рәміздердің маңызы туралы құнды пікірлер айтты. Кеште орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімінің әдіскері Айгүл Жаманаева мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөнінде кітапханалар жүйесінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы мемлекеттік рәміздердің басты ұлттық құндылықтар ретiндегі маңызы туралы көңіл аударарлық ұсыныс-пікірлерді ортаға салды. Жалпы патриоттық кеш мазмұнды, қатысушылардың белсенділігімен мақсатты өтті. Келешекте де осындай пайдалы іс-шараларды ұтымды ұйымдастыра білсек, жас ұрпақ санасында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет артып, сүйіспеншілік нығая түседі деген сенiм бар.

Алмагүл Божанова,

 «Ұрпақтан ұрпаққа»

қоғамдық бірлестігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<