Елорда жұртының ерекше ықыласы

495

0

Қазақта «берекелі» дейтін сөз бар. Бұл мағына біреудің қолы ашықтығын меңзесе, енді бір адам мұны шаңырақтың, отбасының тату-тәттілігі деп тұспалдайды. Біздің жұрттағы бауырмалдықпен бір істе бірлесе атқару да осы «береке» сөзінің мағынасына саяды. Ғажап, ә?!

Мына оймен не айтқысы келді дерсіз? Тағы да сол, Сыр халқының бірлігі мен ынтымағы. Еңбекке деген адалдығы.

Енді көргенімізді баяндайық. Әрі бұл тілшілік міндет. Кешегі сапарда Нұр-Сұлтан қаласында болдық. Облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткен. Екі күн болды. Бұл жолы да Сырдың түрлі дәмі елордалықтарға сөзсіз ұнады.

Иә, көргеніміздей, мұнда ағылған жұрт көп. Қала халқы жыл сайын Қызылордадан келер жәрмеңкені көп күткен сияқты. Аралдың ақ шабағы мен дөңмаңдайын, сазаны мен сары шұбатын жағалаушылар көп. Ет бағасы  былайғы дүкеннен арзан. Біздің басты өнім – күріштің қадірі оларға белгілі. Жаңақорған мен Шиелінің қауын-қарбызын құшақтай алғандар да бар. Тәттіге құмар келіншек Қазалының кәмпитін іздейді. Бәрін айта бермейік, бізден шығар бар өнімнің саудасын қыздырған халықты көрдік осында. Әйтеуір, атағы дардай «Астана Арена» спорт кешенінің маңы ду-ду.

Дәл осы екі күндік жәрмеңкенің алғашқы тәулігінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек пен Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов іс-шараға арнайы келді. Олар аймақта өндірілетін отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады.

Сондай-ақ жәрмеңке аясында облыс әкімдігінің бастамасымен  қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратқанын да айта кету жөн шығар.

– Аймақтың аграрлық саласы  ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.

Жалпы, биыл 188,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде дәнді дақылдар 91,7 мың, майлы дақылдар 5,9 мың,  малазықтық дақылдар 71,3 мың, картоп, көкөніс, бақша 19,6 мың, ал негізгі дақыл күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрады. Қазір Сыр елінде күрішке орақ салынып, егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Сондай-ақ, облыста 228,4 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 20,6 мың тонна ет, 50,2 мың тонна сүт өндіріліп отыр. Міне бүгін өңір шаруаларының өндірген өнімдерін Елорда жұртына әкеліп отырмыз,–  деді облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов.

Сырдың бойында жер игеріп, тер төгіп, су кешіп, теңіз жағалаған еңбеккер шаруалар жәрмеңкеге 500 тоннадан астам өнім әкелген. Санамалап айтуға да болады. 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық  бар.

Көкөніс пен жеміс-жидек 80, асқабақ 30 болса, қауын-қарбыз және кортоптан 210 тонна келген. 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері және 5 тоннаға жуық кондитер өнімін де осыған қосасыз. 200 млн теңгеден асады бұның құны. Ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, жылда өтетін бұл дәстүрлі шараға біздің аймақтан 70-ке жуық өнім түрлері әкелініпті.

Мұндағы мақсат белгілі ғой. Отандық өнімді қолдау үшін мұндай шара көптеп керек-ақ. Қалтаға қонымды бағамен халыққа ұнайды. Қымбатшылық қысып тұрғанын жасыра алмаймыз. Нақты себебін айтушы да, алдағы күнге болжам құрушылар да жоқ емес. Баға тұрақтандыруға барынша тырысқан сала мамандары да аз еңбек етіп жүрген жоқ. Ал осындайда жәрмеңкенің қадірі мың есе артық емес пе?

Жоғарыда айтып кеттік. Берекемен ұйысқанда ғана ел бірлігі нығаяды. Сыр бойы шаруаларының ала жазғы еңбегіне алғыс айтқан астаналықтың бірімен тілдескенбіз. Ақтарыла жөнелді.

– Жәрмеңкеден бөлек, «Сыр елі – жыр елі» дейтін атағы бар халықтың ұл-қыздарын көріп, өнерін тамашаладық.  Мен өзім Сырдың қызымын. Шиелі жерінде туып-өстім. Астаналық болғаныма 15 жылға жуықтады. Жырақта жүрген соң елді де, жерді де, оның суы мен ауасын да, тіпті тамағына дейін сағынады екенсің. Жәрмеңкеге әдейі келіп, өзіміздің ақ күрішті, Аралдың сазанын сатып алдым. Жерлестеріме мың алғыс, мұндай шараны жиі өткізсе деген тілегім де жоқ емес. Өзің көріп тұрғандай, қасымда осы өңірден шыққан құдағиым тұр. Бұл кісі де қалмай, Қызылорданың күрішін ұнататынын айтып, керек-жарағын түгендеп алды, – дейді Үрләйім Пірімова апамыз.

Бір ғажабы, жәрмеңкенің бірінші күні-ақ 100 тонна күріш түгел түгесілді. Кезекте тұрған халықта есеп жоқ. Тіпті, талас та туып жатты. Балық өнімдері де осының қатарында еді.

Иә, тағы қайталаймыз, биыл облыста 188 мың гектардан аса жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның ішінде күріштің көлемі 78 мың гектардан асады. Қазір аймақта егіске орақ түсті. Науқан қазан айының басында бітпек. Екіншіден, Сырдағы төрт түліктің саны артты. Мал шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыс бар.

Иә, облыстан шыққан, осы ауыл шаруашылығы өнімдері 20 мемлекетке экспортталады екен. Оның 91,8 пайызы күріш. Сыр суынан нәр алған бұл дақыл Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак халқына жіберілуде.

– Сыр елінің Сарыарқа төріндегі дүбірлі жәрмеңкесіне бізде де өз өнімдерімізді әкелдік. «Абай-Дәулет» серіктестігі Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылында мал шаруашылығымен айналысады. Осы бағытта қымыз бен шұбат және басқа да сүт өнімдері де бар. Сондай-ақ, серіктестік егінмен де айналысатын болған соң 20 тонна күріш, оған қоса бақша өнімдері де қолжетімді, яғни өзінің белгіленген бағасымен сатылуда. Қуанарлығы, астаналықтар біздің облыстың өнімдерін көптен күтіп жүргендей. Өздерің көріп тұрғандай, келушілердің қарасы мол, – дейді «Абай-Дәулет» ЖШС төрағасы Мұрат Сәрсенбай.

Рас, облыс абыройын асқақтатып, ынтымақпен белсене араласқан кәсіпкерлер мен шаруа-диқандардың бұл жәрмеңкеде үлесі зор. Тіпті, өте көп деуге болады. Мысалы, Қазалы ауданына қарасты Майдакөл ауылының жігіттері екі жүк көлігімен қауын-қарбыз тиеп келген. Сұрастырғанымызда, бұл жергілікті «Әсет» шаруа қожалығының өнімі екен.

– Ала жаздай тер төгіп, кетпен шауып өз несібесін адал еңбекпен тапқан жігіттер осылайша жәрмеңкеге баруды ұйғарды. Алыс жолдан келген соң өз өнімің тұтынушысын тапса, қанекей?! Бұл жағынан біздің ауыл азаматтарының жолы болды. Жергілікті жерден нәр алып, суын ішіп, еш дәрі-дәрмексіз, өз уақытында піскен қауын-қарбыз тез сатылып жатыр, – дейді Қазалы ауданы, Ақжона ауылдық округінің әкімі Нүркен Сералиев.

Ауыл диқандарының еңбегі зор дедік қой. Сол еңбек ақталса тіптен керемет. Бұл жәрмеңкеде байқағанымыздай, Қызылордадан келер күріш пен балықтың маңызы зор. Басқа өнімдеріміз де. Қармақшы мен Жалағаштың күріші үшін ұзынсонар кезек пайда болды. Сырдария ауданының Іңкәрдәрия ауылында егілген әмірені де сұраушылар жиіледі. Ал көкөністі көптеп артып әкелген Шиелі мен Жаңақорған шаруаларын қалай бағаласаң да жарасады. Қызылорда қаласы да осы сапта.

Ал енді батыс аудан – Аралдың балығына тамсанатын астаналықтың көп екеніне көзіміз тағы бір рет жетті. Мұнда кезек. Теңізді өлкенің жігіттері Елордаға 16 тонна балық пен филе әкелген. Шұбаты мен тұзы, сондай-ақ төрт түлік еттің түр-түрі бар.

Егіншіге жағдай жасасаң ерінбесі анық. Мұны облыс басшылығы анық түсінеді. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Астық көлемі мол болып, қажеттілікті толық өтей алсақ, азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты түрде ұстап тұра аламыз. Бақша дақылдарын өзіміз өндірсек, сырт өңірдің өнімдеріне деген сұранысты болдырмаймыз» деген еді. Сол бастамамен әр ауыл маңынан жер дайындалып көне арықтар қайта аршылды. Кепкен кей арыққа қайта су жүріп, сол жерге тұқым тастаған шаруа ағайынның биылғы нәтижесі көңіл қуантып тұр. Бұл күнде жер несібесін жинап отырған диқан қауымның еңбегі ел ішіндегі қымбатшылыққа біраз тосқауыл болмақ. Өйткені, өзімізден шыққан өнім, өзге жақтан келер дүниеден әлдеқайда арзанға түседі. Бұл бойынша облыста 1500 гектарға жуық жер дайындалып, 461 гектар картоп, 385 гектар көкөніс, 587 гектар бақша дақылдары егілген. Қаншама отбасы  жаз бойғы бейнетін қыс бойы қайтарса, «қарекет түбі берекет» екенін жақсы сезініп отыр.

Сөз соңы. «Жәрмеңке» сөзі неміс тілінен келгенге ұқсайды. Мағынасы «жыл базары». Дұрысы, жыл сайын бір мезгілде, бір орында сауда-саттық өтер орын.

Қош, біз білерде қазақта бұрын-соңды жәрмеңке жоқ емес. Атақты «Қоянды» жәрмеңкесін қайда қоясыз?! «Қарқара» «Ойыл», «Әулиеата», «Тайынша көл», «Шар» сияқты қазақ жерінің әр өңірінде мұндай сауда орындары көптеп саналған.

Көшпелі жұрт өзінің тұрмысқа керегін осындай орыннан тауып, әрі халықтық думанға айналдырар тұсы осы уақыт болса керек.

Ал бүгінгі біз көрген іс-шараның жөні бөлек. Шынында да, қайырлы іс. Қанша шақырымды артқа тастап, алыстағы, Арқаның төсіне жайғасқан ағайынға келді. Арзан бағада өнімін ұсынды. Еш делдалсыз ең ірі қала орталығында саудасын жүргізді. Пұл тапты, екінші жағынан мұндағы жұрт та қымбатшылыққа ұрынған жоқ. Екі жақ та ризашылықпен тарасып жатты. Берекелі істің бірі осындай болса керек-ті.

Иә, егер есіңізде болса, біз мақала басында «береке» жайлы бекер қозғамадық. Расымен, бұл берекелі Сыр елінің, берекелі біздің шаруа ағайынның нағыз халықшыл екенін бағамдап тұрғандай. Екі күндік жәрмеңкеден соны байқадық. Соған қуандық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<