Еңбекақы мәселесі ескерілуі тиіс

768

0

Өңір үшін «қара алтын» өндірісінің маңызы зор. Алайда, кезінде экономиканың негізгі локомотиві болған мұнай қорының сарқыла бастауы және өндірістің жыл сайын 10-12 процентке дейін кемуі жан-жақты зерттеу жұмыстарын қолға алуды қажет етеді. Жақында жарияланған Президент Жолдауында да жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажеттігі айтылды.

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Президенті Ян Миньюймен және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ құрылыс және сыртқы байланыстар жөнінде вице-президенті Болат Көшербаевпен кездесуде осыған маңыз берді.

Аймақ басшысы «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверсі биылғы жылдың 4 тоқсанында іске қосылса, мұнай экспортының көлемі 50%-ке дейін ұлғайып, ол компания табысын арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Бірінші кезекте аталған қаржы мұнай сервистік компа­ниялардың тарифі мен еңбекақы төлеу қорын ұлғайтуға бағытталуы тиіс. Соңғы 13 жыл ішінде компанияның қызметтік тарифтері өзгертілмеді. Саладағы қызметкерлердің жалақысы мұнай өндіруші компания қызметкерлерінің жалақысынан 3-4 есе төмен екенін ескере отыра, мұнай сервисі саласындағы тарифтерді ұлғайту қажет, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы республи­калық бюджет есебінен Сырдария, Шу-Сарысу және Арал шөгінді бассейндерін зерттеу жұмыстары басталғанын хабарлап, қолданыстағы контрактті аумақтардан бөлек жаңа перспективті аймақтарда барлау жұмыстарын бастауды ұсынды. Бұдан бөлек, «Петро Қазақстан Инк» құрамындағы мұнай компанияларының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыру мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақтағы спорт саласының дамуы, оның ішінде «Қайсар» футбол клубына қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Ян Миньюй облыс әкімі көтерген мәселелерді мұқият зерделейтінін алға тартты, мемлекет тарапынан мұнай өндіруші компанияларға көрсетілетін қолдау шаралары үшін алғыс білдірді. Аймақ басшысы кездесу соңында мұнай компаниясының басшысына жұмысшылармен тыңғылықты жұмыс жүргізіп, маңызды мәселелерді бірлесіп шешу қажеттігін қаперге салды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<