Ертең ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді

922

0

Облыс орталығында әрбір сенбі-жексенбіде жәрмеңке өткізілетін болады. Ауыл еңбеккерлерінің өнімдеріне қаладағы жұртшылық төмен бағада қол жеткізбек. Жәрмеңкелер маусымы 25-26 қыркүйекте өтетін қала күні мерекесінен бастау алады.

– Ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу әлеуметтік маңызы бар өнімдерді және басқа өнімдерді арзан бағамен сатуға мүмкіндік береді. Тұрғындар үшін делдалсыз сатып алу тиімді. Біз «Егіс алаңынан сөреге дейін» қағидаты бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 26 қыркүйекте өткізілетін жәрмеңкеге 414 көлікпен 1 555,0 тонна ауыл шаруашылық өнімі әкелінеді деп күтілуде. Бұдан әрі 1 желтоқсанға дейін әр сенбі-жексенбіде екі аудан жәрмеңке өткізеді. Кестені облыс әкімі бекітіп берген, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Сыр еңбеккерлері елорда төрінде де ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесін өткізіп келді. Ел астанасына облыстан 500 тоннаға жақын өнім апарылған. Жәрмеңке бағамы нарық бағасынан 10-20 процентке төмен болды.

Айта кетейік, облыс аумағында 90 мың гектарға жуық жерге күріш  себілген. Мал азықтық дақылдар көлемі 60 мың гектардан асса, көкөніс көлемі 18 мың гектарға жуықтаған. Қазір ауылшаруашылық өнімдері әлемнің 17 мемлекетіне экспортталуда.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<