Ғалымға құрмет көрсетілді

875

0

Биыл қазақ халқының ұлы ағартушысы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Генетикалық тіл ғылымы – гуманитарлық білімнің заманауи жаңа бағыты: зерттелуі, мәселелері, болашағы» атты халықаралық ғылыми-теориялық ІІ онлайн-конференция өтті.

Конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­­верситеті ғылым департа­ментінің директоры, доцент Қали Омаров жүргізді.
Алғашқы баяндамашы фи­лология ғылымдарының кан­дидаты, доцент, ғалым Шанжархан Бекмағамбетов «Генетикалық дыбыстаным: тіл дыбыстарының ілкі пайда болуының ғаламдық жүйенің құрылымдық-семантикалық элементтерімен байланысы» тақырыбында сөз қозғады.
Күн тәртібіне сәйкес ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты А.Аманбаева, Анкара қаласындағы Башкент уни­верситетінің профессоры, доктор Сүйер Екер, филолог, аудармашы Р.Құлжан, филология ғылымдарының кандидаты Н.Рсалиева баяндама жасап, талқыға ұсынылған та­қырып төңірегінде ой-пікір­лерін ортаға салды.
Конференцияның қоры­тын­ды сәтінде Шанжар­хан Бекмағамбетов бұл күрделі ғылыми тақырыпты бір жиын­ның ауқымында талқылау мүм­кін еместігін, алдағы уақыт­та да жалғасатынын айта келіп, қатысушы ғалымдарға алғы­сын білдірді.
– Биыл – қазақ халқы­ның ұлы ағартушысы, Алаш ардақты­сы А.Байтұрсын­ұлы­ның туға­нына 150 жыл. Осынау айтулы мерекеге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Бү­гін­гі конференция осыған орай­ласқан болатын, – деді ғалым.
Бұдан әрі өңір ғалымда­ры­ның басқосуы Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­­ситетінде Шанжар­хан Бек­­­мағамбетовтің педаго­ги­­­калық қызметіне 55 жыл то­луына орай Гумани­тар­лық-педагогикалық институ­ты кеңесінің салтанатты мә­жілісіне жалғасты. Ғылыми кеңесте әлеуметтік және тәр­бие жұмыстары жөніндегі про­ректор Жандос Базартай ғалымның еңбек жолына тоқталып, ғылымға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Шанжархан Бекмағам­бетов – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім мен ғылым, тәрбие беру қызметіне, кәсіби маман да­йындау ісіне айрықша үлес қосып келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ғалым тіл теориясы, тіл генетикасы салалары бойынша ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Ол адамзат тілінің пайда болуы мен қызметі туралы жаңа ғылыми бағыт – генетикалық тіл ғылымының авторы болып есептеледі, – деді ол.
Салтанатты жиында ғалым ҚР Жоғары оқу орындары қа­уымдастығының шешімі­мен Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуы­на қосқан айрықша үлесі және білікті мамандарды дайын­дау­дағы ерен еңбегі үшін А.Бай­тұрсынұлы атындағы ор­дені, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік оқытушысы» медалі­мен марапатталды.
Ш.Бекмағамбетов – бірне­ше оқу-әдістемелік құрал­дың, 50-ден аса ғылыми ма­қа­лалардың авторы. Сон­дай-ақ, «Тілдік таным негіз­дері және тілдік символдар», «Тіл генетикасы: тілдік таң­ба-нышандық жүйе» атты ғы­лыми монографиялар мен ЖОО студенттеріне ар­нал­ған оқу құралдарын даяр­лаған. Ал 2010 жылы «Жү­ректегі жазулар» атты жыр жинағы жарық көрді. Бү­гінде жас әдебиетшілерді қолдау бағытындағы «Құс қанаты – Қызылорда» қо­ғам­дық қорының төрағасы. «Бей­бітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлес­тігі Халықаралық Жазушы­лар одағының мүшесі. Халық­ара­лық «М.Шолохов» медалі, уни­верситеттің Қорқыт ата атындағы Алтын медалінің иегері.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<