Инвесторлар тұрғын үй салуға ниетті

660

0

Кеше Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев аймағымызға арнайы келген түркиялық «DEMS constraction» және «Tremesheli Holding» компанияларының басшыларын қабылдады. Кездесуде қос инвестор облыс орталығынан 9 және 14 қабатты тұрғын үй кешенін салу ниетін жеткізді.

Құрылысы қарқынды, зәулім ғимараттар бой түзеген Қызылорда қаласы үшін бұл ерекше ұсыныс. Жиырма жылға жуық шет мемлекеттерге инвестиция құйып, ғимараттар тұрғызған қос компанияның да тәжірибесі мол, нарықта беделі жоғары. Сондықтан олар еліміздің алғашқы астанасы атанған Қызылорданың төрінен соңғы үлгідегі көпқабатты үй салуды мақсат етіп отыр.

Жоспар бойынша мың пәтерлік көпқабатты үй салынады. Кешенді құрылысқа емхана, мектеп, балабақша, спорттық алаңдар кіреді. Инвесторлар жобалау жасаса, облысымызға танымал «ДорСтрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Нысан орны да белгіленген. Қала әкімі инвесторларға әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын жеделдететінін жеткізді. Сонымен қатар, оларға сырттан маман алдырмай, кәсіптік оқуды тәмамдаған қызылордалық жас мамандарды қайта даярлап, жұмысқа қабылдау басты талап екенін айтты. Осылайша қос тарап ортақ мәмілеге келіп, сәуір айында нақты эскиздік жобаны талқылауға уағдаласты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<