Энергетиктерге құрмет

717

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова энергетик күніне орай мамандармен кездесіп, сала үздіктеріне құрмет көрсетті.

Аймақ басшысы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, энергетика саласының қызметкерлері ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүргенін атап өтті.

– Баршаңызды ел болып атап өткен ең басты ұлық мерекеміз – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Экономиканың өзекті саласының бірі – энергетика саласы күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлігіне айналып, дамып келеді.

Тәуелсіздік алғалы облыс көлемінде 1000 шақырымға жуық электр желілері салынып, 300-ден аса қосалқы стансалар орнатылды. Бұл өз кезегінде, халықты сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осының арқасында аймағымыздың экономикасы да дамып келеді. Облыста жалпы қуаты 88 мегаватты құрайтын күн-электр станциялары тұрақты жұмыс жасауда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің оңтүстігіндегі энергетикалық қуаттарды арттыру мақсатында Қызылорда облысында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын бу-газ қондырғысын салу жобасын инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарлануда, – деді облыс әкімі.

Жиында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаев ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісі, «Интергаз Орталық Азия» Қызылорда филиалының бөлім басшысы Қайрат Дәрібаев министрліктің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Мадина Алтынбасова министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» бөлім бастығы Дина Шоқбарова мен «Қызылордажылуэлектрорталығы» электроцех басшысының орынбасары Еспай Дауылбайұлына Қазақстан энергетикалық қауымдастығының «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісі табысталды.

Сонымен қатар «Қызылордажылуэлектрорталығының» дәнекерлеушісі Леонид Лобачев пен «Қызылорда газ тарату жүйесінің» Жалағаш кентіндегі учаске басшысының орынбасары Сәбит Жанашев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Басқосуда энергетика саласының мамандары атынан «Қазақстандық энергетикалық ассоциациясы» директорлар кеңесінің төрағасы Жомарт Көшербаев сөз алып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<