Кәсіптік білім мен еңбек нарығы

846

0

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесінің секциялық жұмысы өтті. Секциялық жұмыстың ашылуында «Талап» КЕАҚ-ның вице-президенті С.Тәттібеков бейнебайланыс арқылы құттықтап, жиынның идеялық мазмұнына сай табысты өтуіне тілектестігін білдірді.

Жиынды облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев жүргізді.

– Өздеріңізге белгілі, пандемияға байланысты кейінгі бірнеше жыл бойы дәстүрлі тамыз кеңесі өткізілген жоқ. Ал биыл Оқу-ағарту министрлігінің ықпалымен республиканың төрт өңірінде барлық білім беру деңгейлері бойынша тамыз кеңесі ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі жиында алдағы оқу жылында кәсіптік білім беру саласындағы атқарылатын жұмыстар жайы талқыланады.

Мемлекет басшысы кәсіптік білім беру бағытына ерекше мән беріп, сала жұмысын жетілдіруге байланысты айқын тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған сәйкес 2025 жылға дейін 9 сыныпты бітіруші түлектердің жұмысшы және орта буынды мамандықтар бойынша тегін білім алуын қамтамасыз ету мақсаты алдымызда тұр.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан биылға жалпы мектеп бітірушілердің білім алуына 128 мың грант бөлініп отыр. Оның ішінде біздің өңірге 1600 грант, ал жергілікті бюджет есебінен 3108 грант, нәтижесінде 4108 грант биылғы жас түлектерді мамандыққа даярлауға бағытталды, – деді Б.Есенбаев.

Жиында «Дуальді оқыту жүйесіндегі кәсіпорынның ролі» тақырыбында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры П.Сыздықов хабарлама жасап, бұл оқыту жүйесінің тиімділігі зор екенін атап өтті. Алайда оқу орны мен кәсіпорындар арасында әлі де нақты шешімін таппай тұрған мәселелер бар екеніне тоқталып, ұсыныстарын ортаға салды.

«Аймақтың еңбек нарығының жұмысшы және орта буын кадрларына деген қажеттілік болжамы» тақырыбында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж.Дәулетбаеваның хабарламасына орай оқу орындары және кәсіпорын басшылары тарапынан бірқатар сұрақтар туындады. Ашығын айтар болсақ, дайындалған мамандар көбіне жұмыс берушінің қойған талабына сай келмей жатады. Оның себебі, бірде еңбекақы төлемдеріне байланысты болса, енді бірде маманның кәсіби біліктілігінің төмен болуына келіп тіреледі. Бұдан бөлек, құрылыс саласына қатысты мамандықтар жылдам өзгеріп, технологияға түрлі жаңалықтар енгізіліп жатыр. Сондықтан жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту мәселесінде де біршама тиісті талаптар ескерілуі қажет сынды.

«Жас маман» жобасы және халықаралық аккредитациядан өтудің өзектілігі» тақырыбындағы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжінің директоры Б.Әбдікәрімовтің және «Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық» тақырыбындағы Абылай хан атындағы жоғары колледж директоры Р.Дүлдүлдің хабарламасы да көкейде жүрген көп мәселеге қозғау салды.

«WorldSkills» халықаралық стандарттары негізінде кадрлар даярлау заман талабы» тақырыбында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Ж.Тоғанованың хабарламасында кадр даярлау мәселесіндегі басты талаптар айқындалып, оны жүзеге асыру жолдары ұсынылды.

Секциялық жұмыстың қорытындысында заман талабына сай кәсіби мамандар даярлау бағытындағы талқыланған тақырыптар бойынша ұсынымдар қабылданды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<