Спартакиада мәресіне жетті

1633

0

Медицина қызметкерлерінің дәстүрлі спартакиадасы биыл 56-рет өтті.  «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының және  облыстық денсаулық сақтау басқармасының  ұйымдастыруымен  өткен шара Сыр медицинасының ардагерлері Сағымбай Құлсартов пен Әділ Ізтілеуовті еске алуға арналды.

Бар саналы ғұмырын адам жанының арашашысы болуға арнаған, ұзақ жылдар бойы аймақтың бас хирургі қызметін абыроймен атқарған  Сағымбай Қарақұлұлы – талай жанды өлімнен арашалап, сауығуына септігін тигізген елімізге белгілі хирург. Институтты бітіргеннен кейін 1961 жылы Сағымбай Қарақұлұлы  еңбек жолын Ақтөбе қаласында  №1 медициналық-санитарлық бөлімде хирургия ординаторы болып бастаған. 1965 жылы отбасымен Қызылорда қаласына көшіп келіп,  облыстық ауруханада хирург болып жұмыс істеді.

1967 жылы  облыстық аурухананың жалпы хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі, ал 1982-2002 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып тағайындалды.  1967 жылдан 1999 жылға дейін облыстық хирургтар ғылыми қоғамының төрағасы қызметінде жүргенде хирургия саласындағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін аттестаттау және қайта аттестаттау, жергілікті тұрғындардың аурушаңдығын зерттеу және оны барынша төмендету, болдырмау жұмыстарымен айналысқан. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Хирургтер қауымдастығы  облыстық филиалының алғашқы төрағасы болып сайланған. Сағымбай Қарақұлұлының қатысуымен облыстық онкология орталығында  асқазанды хирургиялық жолмен алып тастау (гастрэктомия) және асқазанның бір бөлігін алып тастау (резекция) операциялары, тоқішек пен тікішектің бөліктерін резекциялау, ішекаралық безді сылып тастау (экстирпация) және т.б. ота түрлері енгізіліп жасалған.

Дәрігердің жаңа әдістемелерді тануға талпынысы, эксперимент жасауға деген батылдығы жүздеген, тіпті мыңдаған адамның өмірін құтқарды. Оның 15-тен астам ғылыми мақаласы жарық көрген. Қызылордада бірінші болып, тәуекелге барып енгізген отаның жаңа түрлері ол кісінің алтын қолының арқасында сәтті өтіп, кейіннен ол оталарды  қазір көбісі профессор атағына ие болып отырған шәкірттері тәжірибеден өткізе бастаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас терапевт қызметін абыроймен атқарған Әділ Ізтілеуов 1941 жылы Комсомол, қазіргі Қызылжарма ауылында дүниеге келген. 1958 жылы орта мектепті бітірген соң Ақтөбе медицина институтына түсіп, оны 1964 жылы бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Тереңөзек аудандық ауруханасында терапевт болып бастаған. Онан соң терапия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарған. 1973 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас терапевт болған.

Әділ Ізтілеуұлы облыстың бас маманы қызметін атқарған жылдары жүрек-қан тамыр, өкпе-тыныс алу жолдары, асқорыту, бүйрек, зәр шығару жолдары, неврологиялық кеселдердің диагностикасына, жаңа тәсілдермен емдеу-сауықтыру шараларына жүйелі талдау жүргізу мақсатында түрлі тақырыпта ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыруды жолға қойған. Оған барлық мамандарды қатыстыра отырып, сирек кездесетін науқастарға талдау жасап, емдік шаралардың дұрыс жүргізілуіне баса мән берген.

Әділ Ізтілеуұлы жиырма жылдан астам бас терапевт, терапевтер қоғамының төрағасы қызметін атқарған уақытта облыстың терапия саласы республикада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.

Бір айға созылған спартакиадаға 25 команда қатысып, спорттың 8 түрінен бақ сынады. Атап айтқанда, арқан тарту, эстафета, ұзындыққа секіру, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, кіші футбол және тоғызқұмалақ.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында спартакиада өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды.

Арқан тарту бойынша І орынды Қазалы аудандық көпбейінді орталық аурухана жеңіп алса, ІІ орынды облыстық жедел жәрдем станциясы, ІІІ орынды  облыстық көпбейінді аурухана иеленді. Эстафетадан І орынға облыстық психикалық денсаулық орталығы лайық болса, ІІ орынды  Қызылорда жоғары медициналық колледжі, ІІІ орынды облыстық көпбейінді аурухана жеңіп алды. Ұзындыққа секіру сайысынан І орынды облыстық психикалық денсаулық орталығы иеленді. ІІ орын облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына берілсе,  ІІІ орынға  облыстық көпбейінді аурухана мен  Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы лайық деп танылды.

Баскетболдан І орынды  облыстық көпбейінді аурухана жеңіп алды. ІІ орынды  Қызылорда жоғары медициналық колледжі иеленсе, ІІІ орын облыстық психикалық денсаулық орталығына берілді.

Волейболдан І орынды  «Өркениет» медициналық колледжі алса, ІІ орынды Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасы, ІІІ орынды жоғары медициналық колледж иеленді.

Үстел теннисінен Жаңақорған,  Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханалары, Қызылорда жоғары медициналық колледжі үздік үштікке енді.

Кіші футболдан облыстық психикалық денсаулық орталығы мен  «Өркениет» медициналық колледжіне,  №5 қалалық емханаға үш орын бұйырды.

Тоғызқұмалақтан І орынды Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы жеңіп алса, ІІ орынды «Өркениет» медициналық колледжі, ІІІ орынды №5 қалалық емхана иеленді.

Жалпы командалық сайыстар қорытындысы бойынша І орынға Қызылорда жоғары медициналық колледжі шықса, ІІ орынға «Өркениет» медициналық колледжі ие болды, ІІІ орын облыстық психикалық денсаулық орталығында.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<