Кене шақса, кеш қалмаңыз

1535

0

Көктем-жаз басталса кене де оянып, өз тіршілігіне кіріседі. Күн қатты ысыған  сайын олардың  белсенділігі жоғарылайды. Сол себепті, қазіргі шілдедегі аптап ыстықта  кене шағуынан болатын Конго-Қырым геморрагиялық  қызбасы (КҚГҚ)  ауруы  да белең алып, аурушаңдық  деңгейі өсуде. Аурудың  кеңінен  таралуы вируспен зақымдалған  кенелер  санының  көбеюімен  байланысты. Республика  бойынша 5, атап айтқанда, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау  облысы табиғи қолайсыз  аймақтарға жатады.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы  немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті вирусты  жұқпалы ауру. Оның  негізгі  қоздырғышы  вирус, ал резервуары, яғни, өмір сүру ортасы –   мал мен  жабайы  сүтқоректілер (қоян, тышқан тәрізді кеміргіштер, кірпі және саршұнақ, құмтышқан). Кеселдің  жалпы екі жолмен жұғатыны дәлелденген. Қоздырғышы бар кенелер трансмиссивті жолмен шаққанда оның сілекей  безіндегі қоздырғыш вирус адамның  денесіне өтіп ауру шақырады. Ал екінші жолы – ауру адаммен тікелей байланысу арқылы.

Аурудың  басты  клиникалық  белгілеріне дене қызуының көтерілуі, яғни, 38 градустан жоғары болуы, дененің қалтырауы, терінің бөртіп қызаруы, бастың қатты ауыруы, бұлшық еттердің қатты ауырсынуы және әлсіздік, құсу, іш өту, геморрагиялық қан кетулер жатады.

Кене  шаққанда не істеу керек? Оның  негізгі қорегі  қан  болғандықтан адам өміріне өте қауіпті, өлімге әкелуі әбден мүмкін. Теріге жабысқан  кенені  бірден алып тастау оңайға соқпайды. Сол себепті  дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгінген жөн. Кенені  сығып немесе  жарақаттау арқылы  теріден жұлуды мүлдем ойламаңыз. Олай жасаған жағдайда ондағы вирус бүкіл денеге тез тарап, жүйке жүйесіне қауіп келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, адамның денесінде кене неғұрлым ұзақ болса, аурудың даму қаупі соғұрлым  жоғары болады. Дегенмен, кене ара емес, бірден  шақпайды және оған екі сағат  қажет. Сондықтан уақытылы тексеру барлық қауіптің алдын алады.

Ауруды болдырмау үшін табиғат аясында демалуға барғандар міндетті түрде бір-бірінің үстіне кене жабыспағанын тексеруі керек. Әртүрлі реппелент (иісінен кенелер қашатын крем, майлар) қолдану қажет. Елді мекендерде қоқыстар мен мал  қоралардағы  ескі көңдерді  азайтып, кенелердің өсіп-өнуіне және мекендеуіне жол бермеудің маңызы зор. Ал орманға, тауға серуендеуге барғанда демалатын орынды күн сәулесі мол  түскен жерден  таңдау ыңғайлы.  Өйткені  күншуақта  кене аз болады. Егер саяхаттап немесе серуендеп жүргенде кене жабысса, мүмкіндігінше дәрігерлік көмекке жүгінген абзал. Шет жақта, қаладан алыс болсаңыз, қолда бар заттармен, жіппен немесе пинцетпен кенені абайлап, еппен ырғап алу қажет. Орнын спиртпен өңдеп, йодпен сүртеді. Кенені қорғаусыз (қолғапсыз) жалаң қолмен ұстамаған абзал.

Өзім басшылық жасайтын №3 қалалық емханада тұрғындарға кенеден сақтану туралы ақпараттар үнемі беріліп отырады. Кене шағып қаралатын науқастар да кездесіп тұрады.  Былтыр емханаға тіркелген халық саны 66577 болды. Оның ішінде бала саны – 26269, ересектер – 40308. Есепті мерзімде кене шағу диагнозымен тіркелген науқастар саны – 4. Барлығы амбулаторлы-медициналық бақылауда болды. Қуанарлығы, стационарлық емге жүгінгені болған жоқ. Емхананың  медицина  қызметкерлері  арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша  22  семинар сабақ  өтті. 790 медицина қызметкері қатысты. Сабақтан соң олардан аттестация алынды. Емханаға қарасты тұрғындар арасында  түсіндірме санитарлы-ағарту іс-шараларын  жүргізу жолға қойылған. Былтырдың өзінде кең ауқымды  14 шара өткізілді.

Ал биыл емханаға  тіркелген халық саны – 51749, оның ішінде бала  – 19262, ересектер 31047 адамды құрайды. Биыл кене шағу диагнозымен 18 науқас тіркелді. Барлығы амбулаторлы медициналық бақылауда болды. Стационарлық емге жүгінгені болған жоқ. Медицина қызметкерлеріне Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша  24 семинар сабақ  өткізіліп, 860 медицина қызметкері қамтылды. Екі рет аттестация алынды. Ауруға күдікті науқас анықталған жағдайда шұғыл хабарлау тізбегі бекітілген. Күдікті науқастың  клиникалық  көрсетілімдеріне сәйкес алгоритм жасақталып, соған орай жұмыс жүргізілуде.  Медицина қызметкерлерінің  жеке басын сақтауға арналған ЖҚҚ-ның  қоры жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Емханадағы барлық медицина  қызметкерлеріне, әсіресе тіркеу бөлімі, жедел  жәрдем бөлімі мен аймақтық  дәрігерлер,  медбикелерге  жоғары  дене  қызуымен және белгісіз себептермен қан кету белгілерімен келгендерді  қатаң бақылауға алып, жедел хабарлау мен эпидемиологиялық анамнезді толық жинау тапсырылды. Күнделікті таңертең емхананың аймақтық медицина мамандары 94 микроаймақтың  11885 ауласына үй аралау жұмыстарын жүргізіп, кене шағу жағдайларын  уақытылы анықтауда. Халық арасында кең көлемде санитарлық-ағарту іс-шаралары жүргізілуде.

Гүлстан МАҚСҰТОВА,

№3 қалалық емхананың бас дәрігері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<