Мәңгілік ел егесі – зерделі ұрпақ

731

0

Елімізде 2003 жылы «Мәдени мұра» атты теңдессіз бағдарлама жарияланғанын жақсы білеміз. Мәдени мұра дегеніміздің өзі ұлттық тарихымыздың алтын тіні екені ақиқат. Ал, ұлттық тарихты зерделеу, оның мәнін ұғыну идеясын ұғындыру үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев құзыретті орындарға тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, бұл бағыттағы алуан түрлі жұмыстар қолға алынған болатын.

Қазынамызды аршып, қаншама тарихымызды түгендедік. Елімізде ұлттық тарих сала­сындағы зерттеулерді ке­ңейту, тереңдету жөніндегі ша­ралардың ауқымды кешені іске қосылды. Археологиялық ескерткіштер мен артефактілерді және археология­лық қазба барысында табылған адам қалдықтарын палеогенетикалық зерделеу жұмыстары жасалды.

Жастардың бойына жаңа қазақстандық патриотизмді қа­лып­тастыруда «Қазақстан тарихы» пәніне, тарихшыларға үлкен жауапкершілік жүктелді.

Мемлекет басшысының «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет» деуі алда атқарылар шаруаның нобайын байқатқандай.

«Менің бабам қақтаған

қыр аптабы,

Көшіп-қонып

ұрпағы тұрақтады.

Біздің тарих бұл да бір

қалың тарих,

Оқулығы жұп-жұқа

бірақ-тағы, –

деп Қадыр ақын айтқандай, кеңестік дәуірде Қазақстан тарихының тар көлемде зерттелгені белгілі. «Орыс теріс ойлап қалады», «өзбек өкпелейді», «қырғыз қырын қарайды» деген қисынсыз пайымдар тарихи ақиқаттарды ақтарып зерттеуге мұрсат бермеді. Халқы үшін құрбан болған батырларымыздың қаһармандық істері паш етілсе, бодан халықтың ерлік рухы оянады деген шовинистік көзқарастың болғаны да шын.

Тәуелсіздік жылдарында осы олқылығымыздың орны толып, мәдени мұра мен ұлттық тарихты терең зерделеу және ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жөніндегі бағдарламалар өткен дәуір қатесін түзетіп, жаңа тарихи көкжиектерге жол ашты. Қазақтың бай тарихи мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды. Өзінің тарихи болмысы мен ұлттық кодын білетін мәңгілік ел болу даңғылына түстік.

Қайбір жылы «қазақтарда мемлекет болмаған» дейтін риторика бой көрсете бастады. 2015 жылы мерекеленген  Қазақ хандығының 550 жылдығы мұндай қаңқу сөздерді сап тыйып, қазақ тарихына өзгелерді де құрметпен қарауға үндеді. Ең бастысы, бұл мерейлі шара ұрпақтың  отангерлік сезімін тереңдете түсіп, ұлттық рухымызды биікке көтерді.

Тарихты таразылап қарасақ, әлгінде айтқанымыздай, кеңестік дәуірдегі шовинизм, яғни, ұлттық үстемдік қазақ жастарының өз тарихын түптеп тануына барынша кедергі жасаған. Олар ұлттық рухтың оянуы отарлау саясатына қарсы бас көтертеді деп қорықты, хандар мен батырлар баянын бұрмалады. «Қазақстан тарихының» жұп-жұқа болу астары да – осы.

Ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жас ұрпақ көзқарасын түбегейлі өзгертті, жалпыұлттық патриотизм қалыптастырды.

Кешегі бір туымызды таптаған «Бораттың» келеңсіз оқиғасынан хабардар болған халық сол күннің ертеңіне «Мен туымды мақтан етемін» деген жалпыхалықтық челлендждер өткізіп, жастарымыз флеш-мобтар ұйым­дастырды.

«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деген Елбасы сөзі туған жер тарихын білу ұлт тарихын білудің бастауы екенін түсіндірді.

Бүгінгі таңда еліміздегі 60-қа жуық жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» кафедралары жұмыс істейді екен. Бұл – қуанарлық дерек. Енді біздің тарихымыз­дың оқулығы қалыңдай түсетіні сөзсіз.

Ойлы, зерделі ұрпақ қана мәңгілік елдің егесі болмақ.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<