Маскаға қайта мән беріле бастады

3014

0

сурет ашық дереккөзден

Қазақстандықтарға коронавирус инфекциясы мен қызылшаның алдын алу мақсатында тағы да маска тағу ұсынылды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова ауа-тамшы жолымен берілетін жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын күшейту туралы тиісті қаулыға қол қойды.

Қаулыда облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің басшыларына медициналық ұйымдарда персонал мен келушілердің медициналық маскаларды қолдануы, антисептиктердің болуы, COVID-19 коронавирус инфекциясының, тұмаудың және ЖРВИ алдын алу шаралары туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ бас санитар облыстар мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы халық көп жиналатын жерлерде: әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер т.б. және көліктің барлық түрлерінде, атап айтқанда,  қоғамдық көлік, әуе, теміржол қатынастарында медициналық немесе матадан тігілген маска пайдалануды ұсынды.

Ал біздің аймақта эпидахуал қалай?

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметтеріне сүйенсек,  облыста коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланады. Былтыр  коронавирус инфекциясын жұқтырудың 118 дерегі анықталған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар үлесі 47 деректі құрады. Ал биыл жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 37 жағдайы тіркелген. Оның 27-сі қаңтар айында анықталса, ақпанда 10 жағдай орын алған. Басым көпшілігінде ауру симптомдарымен.

– Еліміздің бірқатар өңірде КВИ бойынша аурушаңдық көрсеткіштерінің артуы байқалады. Сондықтан ауа тамшылары арқылы жұғатын инфекция болғандықтан, өзге аймақтарға таралу қаупі бар екендігі жоққа шығарылмайды. Бұдан бөлек, күз, қыс, көктем мезгілдері тұмау, жіті респираторлы-вирусты инфекциялардың эпидемиологиялық маусымы саналады. Биыл қаңтар айында облыс көлемінде жіті респираторлы-вирусты инфекцияның 16514 дерегі тіркелсе, тұмаудың 78 жағдайы анықталды. Тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады.  Биылғы эпидмаусымға 84430 доза вакцина алынып, Үкімет қаулысымен бекітілген тиісті контингенттерге жүргізілді. Олар – медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған және балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің контингенті. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша жүргізіледі. 83168 адам  тұмауға қарсы екпе алып, ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтіп алды, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Қалай дегенде де, жұқпалы аурудан қорғану қажет. Өткеннің сабағы естен шықпағаны абзал.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<