Мейірім мен ізгілік жаршысы

739

0

Кеше Н.Бекежанов атындағы музыкалық академиялық драма театрында медицина қызметкерлері күніне арналған «Дәрігер – дәуір діңгегі» атты салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып,   сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Денсаулығымыздың қорғаны, мейірім мен ізгіліктің жаршысы болған ақ халатты абзал жандардың еңбегін ерекше бағалаймыз. Барша медицина қызметкерлеріне Сыр халқы атынан алғыс айтып, ризашылығымызды білдіреміз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт саулығы – әділетті Қазақстанды құру жолындағы  мемлекеттік саясаттың аса маңызды бір бағыты. Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударады»  деп, дәрігерлердің ел алдындағы беделі мен мәртебесі жоғары екенін айрықша атап өтті. Бүгінде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін қажетті шаралардың барлығы жасалуда, – деді облыс әкімі.

Аймақ тұрғындарына 3 мың дәрігер, 11 мыңға жуық орта буын маман медициналық қызмет көрсетеді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық  жобасы аясында 2023-2024  жылдары өңірімізде 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. 2025 жылға дейін Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандық ауруханаларын көпбейінді ауданаралық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен  Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Құны 36 млрд 436 млн теңге тұратын аурухана 2025 жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Ана мен бала саулығын жақсарту, жас аналарға жоғары мамандандырылған  медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесі ашылады. Президент тапсырмасына сәйкес, халықаралық стандарттарға сай 200 төсектік перинаталды орталық салу мәселесі пысықталып, орны анықталды.

Салтанатты шарада облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-хирургі Абдулла Шүленбаевқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің «Құрмет гармотасы» мен Алғыс хаты табысталды. Сондай ақ, бірнеше қызметкер ҚР денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен,  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Мерекелік кеш соңында қазақ эстрадасының жұлдызы Нұрболат Абдуллин, «Томирис» би ансамблі, «Тұран» триосы және жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты. Мейірімді мейіргерлер де сахна төріне шығып, би қойылымын көрсетіп, мерекелік кешті шырайландыра түсті.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<