Мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының айырмашылықтары

1041

0

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының құзыреттіліктері айқындалып, айырмашылықтары белгіленген.
Мемлекеттік сот орындаушылары мемлекеттен өндіріп алу, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) 50 және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, мүлікті тәркілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы, мемлекет мүддесіне жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттар бойынша ғана өндірістерді қозғай алады.
Ал жеке сот орындаушылары жоғарыда көрсетілген санаттардағы атқарушылық құжаттардан өзге құжаттардың барлығы бойынша жұмыстарды жүргізе алады. Сондай-ақ, заңнамада олардың жеке және заңды тұлғалардың пайдасына өндіруді іске асыру бойынша айырықша өкілеттіктері белгіленген.
Тәжірибеде атқарушылық өндірістердің басым көпшілігі (мемлекет пайдасына 1 000 АЕК аспайтын сомаларды, оның ішінде мемлекеттік баж салықтарын, салық қарыздарын, әкімшілік айыппұлдарды, алименттерді өндіру, құрылыстарды бұзу, үйден мәжбүрлеп шығару) жеке сот орындаушыларының құзырында. Қазіргі таңда Қызылорда облысында тіркелген жеке сот орындаушыларының саны-64. Тиісінше, Әділет министрлігінің тапсырмасымен мемлекеттік сот орындаушыларының санын қысқарту жұмыстары жүргізіліп, бүгінде олардың саны 7-ге дейін азайтылды.
Бүгінде сот орындаушылар жүйесін автоматтандыру жүргізіліп, оны басқа құзырлы органдар мен мекемелердің деректер базаларына қосылып, электронды ақпарат алмасу күшейтілуде. Сонымен қатар, сот орындаушыларының ақпараттық жүйесі әділет органдарының «Жылжымайтын мүлік регистрі» мемлекеттік дерекқорына қосылды. Енді борышкерлердің жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу қағаз жүзінде емес, электронды форматта жүргізіледі. Сот орындаушы өзінің кабинетінде қаулы қабылдап, компьютер арқылы жүйеге енгізеді. Сот орындаушысының қабылдаған шаралары өз нәтижесін бермейтін жағдайлар да жиі кездеседі. Жауапкершілікті сезінбейтін азаматтар тек банк есеп шоттары бұғатталғанда ғана, не болмаса жылжымайтын мүлкіне тыйым салынғанда ғана әрекет жасай бастайды. Бұдан бөлек кейде борышкердің мүлкі де, табысы да жоқ болып шығады. Сол себепті де борышкер сот орындаушысының ескертпелеріне құлақ аспайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабында сот актісін орындамағаны үшін 5 тәулікке дейін қамау түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мұнда жеке немесе заңды тұлғалардың да құқығы тапталмауы қарастырылған. Егер сот орындаушыларының қандай да бір іс-әрекеттеріне, не болмаса алдын ала хабарламағаны үшін наразылық туындаған жағдайда, облыстық Әділет департаментіне шағым түсіруге, облыстың Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына хат жолдауға болады.

З.Ержанова,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
бөлім басшысы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<