Мұнай базаларының өнеркәсіптік қауіпсіздігі

368

0

Әлемде мұнай мен мұнай өнімдерін пайдалану жылдан-жылға жоғарғы қарқында арта түсуде, бұл өнеркәсіптің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын мұнайбазалар салу қажеттілігіне алып келеді.
Өндірісті, көлік, ауыл шаруашылығын және басқа да тұтынушыларды мұнай өнімдерімен үздіксіз қажетті мөлшерде қамтамасыз ету, сондай-ақ мұнай өнімдерін қабылдау, сақтау және тарату кезінде олардың сапалылығын,  шығынын азайту – мұнайбазаның негізгі мақсаты болып табылады.
Мұнай базасы мұнай өнімдерін сақтауды, қабылдауды және таратуды қамтамасыз ететін әртүрлі өнеркәсіптік нысандары бар кешенді көп функциялы жүйе болып табылады.
Әрбір мұнайбазада техникалық құрылғылардың паспорттары, жобалар, жұмыс жүргізудің технологиялық регламенттері және өндірістік бақылауды қамтамасыз ететін ереже болу қажет.
Өндірістік бақылаудың негізгі міндеттері – өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, мониторинг жүргізу, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін талдау және жақсартуға негізделген шаралар, қауіпті өндірістік факторлардың объектілерге, адамдарға, қоршаған ортаға зақым келтіретін әсерінің алдын алуға бағытталған жұмыстарын жүргізу, өндірістік ғимараттарды, технологиялық құрылыстарға, техникалық құрылғыларға сараптама, сынақтар және техникалық куәландырудың уақтылы жүргізілуін бақылау, өлшеу құралдарын уақытылы тексеру болып табылады.
Мұнай базалары үшін жеке аумақ бөлінеді, ол әдетте көрші өнеркәсіптік объектілерден, елді мекендерден, табиғи массивтерден ара-қашықтығы сақталып орналастырылады. Мұнайбазаның ішкі және сыртқы, оның ішінде күзеттік жарықтандыруы, жаяу жүргіншілер тротуарлары, автомобильдік асфальт немесе қиыршық тас жолдары болуы, арнайы техникалардың жолдары, қысқы уақытта үнемі қардан тазартылуы тиіс және жалпы пайдаланымдағы жолға шығатын жолдың болуы қажет.
Мұнайбазасы аудандық жоспарлау жобасына байланысты орналастырылады. Жалпы жағдайда олардың құрамына жөндеу шеберханалары, зертханалар, өртке қарсы құрылғылар, энергиямен жабдықтау және байланыс объектілері, қазандықтар, технологиялық құбырлар және инженерлік желілер, құю және тарату құрылғылары, резервуар парктері және т. б. кіреді.
Мұнай базасының сорғы және басқа да өндірістік ғимараттар желдеткішпен, жарықтандырумен қамтамасыз етіліп, технологиялық жабдықтар жерге қосылған болуы тиіс, жұмыс аймағының ауасындағы зиянды газдардың концентрациясын кезеңімен тексеріліп тұруы қажет. Киім кептіруге, пайдаланылмайтын жанғыш материалдарды, түрлі заттарды сақтауға жол берілмеу керек.
Өндірістік ғимараттарды жылыту мақсатында орталықтандырылған немесе жергілікті жылыту жүйелері, ал жылу тасымалдаушы ретінде ыстық су, бу немесе ыстық ауа пайдаланылуы қажет.
Мұнай және мұнайөнімдері өрт-жарылыс қауіпі бар сұйықтық болып табылады және технологиялық процесті, өнеркәсіптік қауіпсіздікті дұрыс сақтамағаннан аварияларға, өртке, жарылыстарға, қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.
Сондықтан, мұнайбазаларындағы жұмысшылар жұмыс кезінде қозғалатын механизмдерден, жабдықтардың ыстық бөліктеріне күйіп қалудан, қатты дірілден, статикалық электрдің жоғары деңгейінен, жұмыс аймағының жеткіліксіз жарықтандырылуынан, мұнай өнімдерінің уыттылығынан аса сақ және мұқият болу керек.
Жұмыс орындарының тазалығын, бітеуіш арматурасын, фланецті қосылыстарды, құбырларды кезеңді тексеріп тұру керек. Жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшылар тиісінше жабдықталып, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын және технологиялық режимді мұқият сақтау қажет.
Мұнай базаcында жұмысты қауіпсіз жүргізуге жауапты тұлғалар және қызметкерлері жыл сайын,  ал техникалық басшылар, мамандар мен инженерлік-техникалық қызметкерлер – үш жылда бір рет аттестатталған оқу ұйымдарында оқып тұрулары тиіс.
Жұмыс жүргізу кезіндегі қауіпсіздік – қауіпті өндірістік объектілердің иелері мен басшыларының, жұмысшылардың ереже және заңнамалардың талаптарын бірлесіп орындаған кезде қол жетеді.

Д.Шаханов,
Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті
Қызылорда облысы бойынша департаменті
бөлімінің бас маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<