Мұқтаж отбасыға үй салып берді

1038

0

Қазалы ауданындағы Қ.Пірімов ауылының азаматтары мұқтаж отбасыға үй салып берді.

Ауылдастардың бірігіп, ауқымды құрылысқа кірісуінің негізгі себебі – ІІ топ мүгедегі Орысбай Науханбаевтың ауласын жыл сайын су басып қалады. Көктемде қатты жауған жаңбыр суы үй ішіне де жайылып кетті. Сондықтан ауыл азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жаңа үйдің кірпішін қалауды бастап кетеді.

– Бастапқыда бірқатар азаматтан ғана қаржы жинаймыз деп келісілген еді. Алайда әлеуметтік желіге салған видеомнан кейін, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл перзенттері хабарласып, көмектесетінін жеткізді. Небәрі 3 күннің ішінде 1,6 млн теңге ақша жиналды. Осылайша қайырымдылық іске ауылдың үлкен-кішісі, сырттағы ағайындар да біркісідей атсалысты. Үйдің құрылысын салуға бір тиын да ақша жұмсамадық. Үйдің іргетасын құядан бастап, кірпішін қалау, шатырын жабу, сыртын сылап-әрлеу жұмыстарына дейін ауылдың жігіттері атқарды. Көмектесеміз деп келген азаматтардың қатары өте көп болды. Тіпті бір күнде 100 адамға дейін келген уақыт та болды. Сондықтан бұл іске атсалысқан барша азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын , – деді ауыл тұрғыны Сәбит Ықыласов.

Ауыл азаматтарының арқасында Орысбай Науханбаевтың отбасы жылы да жайлы, заманауи құрылыс материалдарымен салынған үйде тұрып жатыр. Жақында ғана жаңа үйге көшкен олардың ауыл азаматтарына айтар алғысы шексіз.

– Мен туғаннан 2 топ мүгедегімін. Әйелім демүмкіндігі шектеулі жан. Сондықтан да өзіміздің үй салуға шамамыз келмейді. Жыл сайын ауламызды су басып, үйіміздің қабырғалары бұзылды. «Әрі қарай не болар екен?» деп ойланып жүргенде, бір күні үйдің іргетасы құйылды, кірпіш келді, содан соң ағаш келді. Осылайша жақында жаңа үйге қоныс аудардық, – дейді Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Орысбай Науханбаев.

Мұнан бөлек, Қ.Пірімов ауылының азаматтары тағы бір отбасына көмек қолын созуда. Атап айтар болсақ, мүмкіндігі шектеулі Бектілеу Ізтілеуовтың үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қайырымды жандар үйдің еденін, терезесін және шатырын толық ауыстырып, ішкі-сыртқы сылақтарын түсіріп, қайтадан сылауда.

Халқымызда «Оң қолың бергенді сол қолын көрмесін» деген сөз бар. Десекте қиындыққа тап болған отбасыларға жақсылық жасап, жанашырлық танытқан Қ.Пірімов ауылы азаматтарының қайырымдылық ісі көпке үлгі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<