Өнеркәсіп өркендеп келеді

414

0

Кейінгі жылдары еліміздегі кәсіпкерлік саласы арнайы бағдарламалар аясында қарқынды дамып келеді. Үкімет үкілеген облыстардың ішінде біздің өңір де бар. Олай дейтніміз, облыста кейінгі 10 айда кәсіпкерлік саласында біршама ілгерілеу байқалуда. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері өңірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 22,3 пайызға өскен. Ал, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны 27,5 пайызға ұлғайған. Қазір республикада шағын және орта кәсіпкерлік санының өсу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы 4 орында тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков мәлімдеді.

– Өздеріңізге белгілі, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын құру мен кірісті ұлғайтудың басты негізі – кәсіпкерлікті дамыту. Биыл облыста кәсіпкерлік саласын қаржылай қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамып келеді. Сонымен қатар, биыл өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, 10 айда өңдеу өнеркәсібінде 194 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырға қарағанда 8,3 пайызға артты. Бұдан бөлек индустрияландыру бағдарламасы аясында 5 жоба іске қосу жоспарланса, бүгінде оның 3-еуі жұмысын бастады, – деді басқарма басышсы.

Нақты кезеңде бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста жеті мыңға жуық жұмыс орнын құруға бағытталған 37 жоба жүзеге асырылуда. Тағы бір айта кететін жайт, облысқа отандық және шетелдік инвестиция көздерін тарту – басты міндеттердің біріне айналған. Мәселен, биыл аймаққа 290 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, соның нәтижесінде Қызылорда облысы республикада І орынға шықты. Бұдан бөлек, биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 20 млрд теңгеден астам қаржы тартылды.

Бұған қоса, жыл басынан бері 3 мыңнан аса кәсіпкерлік бастама гранттармен қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жоба банктер мен қаржы институттары арқылы несиелендірілді. Қазірдің өзінде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы шағын кәсіпкерлердің 159 жобасына 1 млрд теңгеге жуық несие беру мақұлданыпты.

– Қазір облыста 5 600 сауда орны және 30 базар тіркелген. Оның ішінде 3 сауда базары, атап айтқанда «Сыбаға», «Сұлтан», «Асбол» жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында экскиздік жобаларын әзірледі. Сауда базарларын жаңғырту жұмыстары 2025 жылы толығымен аяқталып, іске қосу жоспарлануда. Бұған дейін биыл қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 21 кәсіпкерлік субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген болатын. Тағы бір айта кететін жайт, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мемлекеттік бақылау орнату мақсатында 47 сауда нысанға жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, 2 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне хабарламалар берілді. Аталған нысандарға апта сайын мониторинг жүргізілуде, – деді ол.

Басқарма басышысының айтуынша, биылғы жылдың 9 айында өңірге 74 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 3 мыңнан астамы шетелдік азаматтар. Келушілердің саны былтырғыға қарағанда біршама артып, туристтерге көрсетілген қызмет көлемі де әжептәуір ұлғайған.

Орайы келгенде айта кетейік, өнеркәсіп саласында кемшін тартып отырған жайттар да бар. Мәселен, бұл саланың 70%-дан астамы тау-кен секторына тиесілі. Кейінгі 8 жыл ішінде өңір үшін үлкен проблема – мұнай өндіру көлемінің қысқаруы болып тұр. Жалпы, 2013 жылдан бастап өңірде мұнай өндіру көлемі шамамен 60%-ға қысқарды. Биылдың өзінде бұл көрсеткіш 700 мың тоннаға төмендеді. Міне, осы процестің өзі өнеркәсіп өндірісіне соққы болып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<