Өңір үшін маңызды жобалар жүзеге асырылады

249

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалық етуімен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша өңірлік кеңес отырысы өтті.

– Үкімет пен әкімдер үшін инвес­тицияларды тарту және қазақстандық тауарларды, қызметтерді экспортқа шығару негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Міндеттерді орындау үшін облыс көлемінде іске асырылатын инвестициялық жобалар маңызды рөл атқаруда. Сондықтан, жобаларды іске асыруда туындаған мәселелерді қарау, өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту үшін тиімді шешімдер қабылдау мақсатында тоқсан сайын кеңес өткізіп тұрамыз, – деген аймақ басшысы күн тәртібіне сәйкес 4 инвестициялық жоба қаралатынын жеткізді.

Алғашқы талқыланған «Кальций­лен­дірілген сода зауыты құрылысы» жобасы бойынша атқарылған жұмыс­тар туралы «Арал Сода» ЖШС директоры Санжар Оспанқұлов баяндады. Ол аталған жобаның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және инвестиция көрсеткішін жоғарылатуға ықпал жасайтын ірі жобалардың бірі екенін атап өтті.  Зауыт іске қосылғанда импорт алмас­тыруға өз ықпалын тигізетін болады.

Зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тонна құрап, оның құрылысына 1000-ға жуық адам жұмыспен тартылады деп жоспарлануда. Инвестиция көлемі 93,5 млрд теңге. Кальцийлендірілген сода зауытының құрылысына 100 гектар, қоймасына 501 гектар жер учаскесі бөлінген. Жобаның республикалық индустрияландыру картасына енгізілген мерзімі – 2016 жыл. Құрылысы келесі жылы көктемде басталып,  2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. С.Оспанқұлов кальцийлендірілген сода зауыты іске қосылғаннан кейін оның айналасында химия кластерін қалыптастыруға мүмкіндік ұлғаятынын атап өтті. Мысалы, ас содасын және басқа да пайдалы өнімдер шығаруға болады. Ең маңыздысы зауыт жобалық қуатында жұмыс істей бастаған кезде еліміздің кальцийлендірілген содаға деген сұранысының басым бөлігін өндіріп, импортқа тәуелділік барынша кемиді.

Облыс әкімі облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев пен «Арал Сода» ЖШС директоры Санжар Оспанқұловқа  бөлінген қаржының мақсатты, сапалы әрі мерзімінде игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ғалым Едігеевке теміржол тұйығын, электрмен және газбен жабдықтау желілерін салу үшін мердігер компанияларды анықтауды жүктеді. Ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевпен бірге жыл соңына дейін темір жол тұйығы құрылысының басталуын қамтамасыз етуі тиіс.

Мұнан соң «Сыр Маржаны» серіктестігінің «Мал сою пунктін жаңғырту және ет комбинатын салу» жобасы бойынша серіктестік директоры Мінажадин Өтеев хабарлама жасады. Жоба құны 832,5 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдау шаралары ретінде 15 гектар жер учаскесі бөлінген. Комбинат іргетасы өткен жылдың мамыр айында қаланды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2019-2020 жылдары су құбыры желілерін жүргізуге бюджеттен 49,5 млн теңге бөлініп, толықтай игерілді. Сондай-ақ, жалпы құны 13,8 млн теңге болатын электр желілерін салуға бюджеттік өтінім берілді.

Ет комбинаты жылына 5 мың тонна өнім шығарып, 20-дан астам адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 25% орындалған. Келесі жыл соңына таман комбинат пайдалануға беріледі деп жос­парланып отыр. Серіктестік басшысы ет комбинаты маңында агроаймақ қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қатар атқарылып жатқанын баяндады.

Облыс әкімі серіктестік басшысына комбинат пайдалануға берілгеннен кейін оның тұрақты жұмыс істеп тұруын осы бастан ескеріп, шикізатты жеткізіп тұру жолдарын жоспарлап қою қажеттігін айтты. Сонымен қатар,  облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысы Шахмардан Қойшыбаевқа бөлінген қаржының мақсатты, сапалы әрі мерзімінде игерілуін қамтамасыз етуді және облыстық энергетика, тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Руслан Нұрмағамбетовке заңдылықтарға сәйкес инфрақұрылымын дамыту мүмкіндігін қарастыруды жүктеді.

Кеңесте қаралған үшінші және төртінші жоба – «Қызылорда ком­позиттік материал зауыты» серік­тесті­гінің шыны талшық шығару және «Orda Tex» серіктестігінің мал­ жүнін өңдеу жобалары бойынша аталған серіктестіктердің құрыл­тайшысы Қайрат Боранбаев баяндады.

Оның айтуынша, шыны талшық шығару өндірісі еліміз үшін тың өндірістердің қатарынан саналады. Шыны талшықтары көптеген салада қолданылады, сондықтан оған сұраныс әр уақытта жоғары.  Зауыт жобасының құны – 519 млн теңге. Зауыттың қуаттылығы жылына 3 мың тоннаны құрап, 160 адам жұмыспен қамтылады.

Кеңесте аталған жобаны жүзеге асыруға серіктес – «КАРАТ группа компания» ЖШС бас директоры Виталий Чижов зауыт өнімдері Ресейден және Қытайдан келетін осындай өнімдерден арзан болатынын айтып берді. Зауытқа шикізат ретінде шыны және шыны бұйымдардың қалдықтарын пайдалана беруге болады. Зауыттың тағы бір өнімі құрылыста қолданылатын металл арматураларды алмастырады. Оның беріктігі мен төзімділігі металл арматуралардан кем емес, есесіне бағасы өте арзан болмақ. Оны көпқабатты емес құрылыс нысандарына емін-еркін пайдалана береді.

Қ.Боранбаев «Orda Tex» серік­тестігінің мал жүнін, дәлірек айтқанда, түйе жүнін өңдеу жобасының өңір үшін маңыздылығын атап өтті. Біздің облыс Қазақстанда түйені көп өсіретін аймақтардың бірі саналады. Облыста 45 мыңнан астам түйе малы бар. Зауытта түйе жүні өңделіп, дайын өнім – көрпелер шығарылады. Ел тұрғындары бүгінде Моңғолия және Түркия өнімдерін сатып алып келсе, енді өзіміздің өнімдерді пайдаланатын болады.

Жоба құны 100 млн теңге. Жоба «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлесіп жүзеге асырылады және 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта жоба басшысы өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізу үшін екі жобаның құжаттар пакетін да­йындауда.

Облыс әкімі жобалар бастамашысымен бірлесіп мәселелерді  пысықтауды тиісті басқармалар басшыларына тапсырып, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басшысы Ерлан Нұрланбаевқа жоба бастамашысымен бірлесіп, қаржыландыру тетіктерін шешуді жүктеді. Сонымен бірге, Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев және Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевқа екі апталық мерзімде жыл сайын жинақталатын шикізат, яғни мал жүні көлемін анықтау жөнінде тапсырма берді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз