Ортақ мәселелер талқыланды

289

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) тұрақты өкілі Якуп Беришпен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев және БҰҰДБ өкілдері қатысты.

Отырыста тараптар БҰҰДБ арқылы облыста маңызды жобаларды жүзеге асыру және адам дамуының индикаторларын жоғарылату үшін аймақ әлеуетін қалай пайдалану керектігін талқылады.

Аймақ басшысы елімізде осыған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы арқылы гендерлік теңдік пен адами капиталды дамыту мәселесінде жан-жақты талдау жасалып, бірқатар жобалардың жүзеге асырылғанын, оның ішінде екі заңның қабылданғанын айтты.

БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Якуп Бериш жергілікті даму аса маңызды сала екенін, осы мәселелерді шешуде бірлескен жұмыстар аса қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте Сыр өңірімен серіктестікті қайта жаңғыртуға мүдделі, нақты қажеттіліктерге көмектесу үшін жергілікті әкімдіктермен тікелей жұмыс істеуді назарға алғандарын жеткізді. Тұрақты өкіл өңірді дамыту жоспары мен мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, жеке жобаларды қолдауға дайын. Оң нәтижеге тезірек қол жеткізу үшін әлеуметтік қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді ұсынды.

Айта кетейік, БҰҰДБ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар  адамдарға бейімделген модельдік пәтер құру бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бірлескен жоба шеңберінде аймақтағы оңалту орталығының базасында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді модельдік пәтер ашылды. Ерекше күтімді қажет ететін адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған арнайы пәтерде арбамен қозғалатын адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі өзекті мәселелерді БҰҰДБ-мен бірлесе шешуді ұсынды.

– Әрине, БҰҰДБ арқылы жергілікті мәселелерге назар аудара отырып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Сіздердің ұсыныстарыңыз негізінде бірқатар бағыттарда жұмыс істеуге әзірміз. Әсіресе, экология, білім беруде жан-жақты жобаларды іске асыруымыз қажет. Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта жасау ісінде министрлікпен бірге іске асырған пилоттық жобаларыңыздың да маңызы зор, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, 2000 жылдан бастап БҰҰ басқа агенттіктерімен бірлесіп БҰҰДБ Министрлікке кедейлікті төмендетуге, арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесін құруға, халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдаудың тиімді моделін жасауға және мүгедектерге ерекше назар аудара отырып, жұмыспен қамтуға бағытталған стратегиялық құжаттар мен бағдарламаларды іске асыруда қолдау көрсетіп келеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз