Озық ойлы оқушылар

394

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары озық жобаларды жүзеге асыруда алдыңғы қатардан көрініп жүр. Олардың қолынан шыққан әр туынды тынымсыз еңбек пен үздіксіз білімді қажет етеді. Биыл да аталмыш мектептің білім алушылары соңғы технологияларды пайдалана отырып, таптырмас жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Назарбаев Зияткерлік мектебінің өрендері тың жобаларын БАҚ өкілдеріне таныстырды.

  • Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары алған білімдерін іс жүзінде ұштастыру мақсатында тұрақты түрде ғылыми жобалармен айналысып келеді. Әсіресе, қоғамға пайдалы тың жобаларды жасау үшін өздерінің зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізеді. Нәтижесінде, сіздердің алдарыңызға сәтті іске асқан екі жұмысты әкеліп отырмыз. Бірінші жоба – “Жалын” деп аталады. Бұл орман өртін қызметкерлерге жедел естіртіп, оның алдын алуға бағытталған. Ал, екіншісі – “Нақыл сөз” жобасы. Бұл жоба ұялы телефонға жүктеуге арналған бағдарлама. Бағдарлама қазақ тіліндегі қолданыстан шығып қалған немесе ұмытылған сөздердің мән-мағынасын түсіндіріп береді. Осы қосымша арқылы қазақ тілінің көнерген сөздерін қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Әділжан Жұмағазыұлы.
  • Менің жобам “Жалын” деп аталады. Жобамның басты міндеті – орман өртінің алдын алуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған экологиялық жоба. Өздеріңізге белгілі, жақында Абай облысында 60 гектарды шарпыған өрт оқиғасы экологиялық мәселені күрделенуіне әкеп соқтырды. Сондықтан осы жобаны жасауға бел будым. Бағдарламаны жасауға үш айдай уақытымды жұмсадым. Ең алдымен біздің сезгіш құрылғыларымыз ағаштарға орналастырылады. Өрт болған жағдайда оның қай жерде орын алғанын және ауқымын датчиктер арқылы орманшының қолындағы планшетке түседі. Осылайша, өрттің алдын алуға болады, – деді оқушы Жұлдызай Мұңайтбасова.
  • Біздің жобамыз – “Нақыл сөз” деп аталады. “Нақыл сөз” – қазақ тілінде оқып, дамығысы келетін адамдарға арналған. Қазіргі таңда жастар арасында әдеби сөздердің қолдану аясы тым тарылып кеткен. Сондай-ақ, көпшілігі әдеби сөздердің мән-мағынасын түсіне бермейді. Осы мәселе біздің жобаны бастауымызға түрткі болды. Қосымша 4 бөлімнен тұрады. Олар: қанатты сөздер, мақал-мәтел, тұрақты тіркестер және көнерген сөздер. Сондай-ақ, орыс, ағылшын тілдерінде аудармасы мен аудиожазбасы көрсетілген. Айта кетейік, бұл жобаны бастамас бұрын біз қазақ тілін меңгеруге арналған қосымшаларға талдау жасадық. Нәтижесінде, күнделікті қазақ тілін меңгеруге арналған бағдарламалардың бар екенін, алайда, дәл осы әдеби қазақ тілін дамытуға бағытталған қосымшаның жоқ екенін байқадық. Болашақта “Нақыл сөздер” қосымшасына “Ойындар” деген бөлім қосқымыз келеді, – деді жоба авторлары Едігеева Алуа мен Жақыпбек Азиза.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<