Қайырымдылық науқаны

747

0

Қанның барлық қауіпсіз қорын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы ерікті донорлар қатарын көбейту екені сөзсіз. Өміріне қауіп төнген адамдарға үміт сыйлап, мыңдаған жанның денсаулығын сақтап қалуда донорлардың үлесі зор.

Осы орайда облыстық қан орталығында 14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күніне орай «Қан тапсыр, плазма тапсыр, адамдарға өмір сыйла және мұны жиі жаса!» деген ұранмен қайырымдылық акциясы өтті.

Акцияға өзгелерге көмек қолын созуға дайын бірнеше азамат қатысты. Олар қан орталығына арнайы келіп, қан тапсырып, облыс тұрғындарын науқанға қатысуға шақырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша науқанға қатысуға тілек білдірушілердің қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Тіпті тұрақты донор атанып үлгергендер де баршылық.

Донорлық – қанға мұқтаждарға адамның өз қанын немесе компоненттерін ерікті түрде беруі. Жыл сайын қан және қан өнімдерін құюдың арқасында дәрігерлер миллиондаған жанның өмірін сақтап қалады. Ресми деректерге сүйенсек, әрбір үшінші адам өз өміріңде өзге біреудің қанына мұқтаж болады. Көбіне қан ауруы, онкологиялық дертке шалдығатын адамдарға донорлар көмек қолын созады. Жалпы қан тапсырған адамның қан айналымы мен иммундық жүйесі жақсарады. Сонымен қатар, өзгелерге өмір сыйлап, араша түседі.

Биыл облыста қан тапсыруға ниеттенгендер саны 5493 адамға көбейген. Ал әртүрлі себеппен сәйкес келмегендер саны – 1057 адам. Қан тапсырғандар 4436 адамды құраса, оның ішінде қан доноры 3922, плазма доноры  15, ал тромбоцит доноры 499-ға жеткен.

– Күн сайын орталыққа қан тапсыру үшін 100-ден аса адам келеді. Міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді. Донорлардың өзге адамдардың өмірін арашалап, үлкен көмек көрсететіндеріне алғыс білдіремін. Біздің орталық ауруханалар мен медициналық мекемелердегі науқастардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді. Көбіне донор болуда жастар белсенділік танытады. Иммунитеті төмен адамдар, алкогольді сусындарды қабылдаса және шет елде демалып келген азаматтар уақытша донор бола алмайды. Барлығын бақылауда ұстап, қадағалап отырамыз, – деді орталық директоры Серік Игенбаев.

Дені сау адам үшін 450 мл көлемінде қан тапсыру физиологиялық жағынан еш қауіпсіз, қалыпты жағдай. Жасы 18-ден асқан, медициналық көрсеткіші нәтижелі кез келген азамат донор бола алады. Ерлер жылына 6 рет, әйелдер 4 рет қан тапсыруға мүмкіндіктері бар.

– Өзгелерге өмір сыйлау үшін септігімді тигізсем қуанамын. Жиналған қауымға рахмет айтамын. Мен 2014 жылдан бастап осы орталыққа келіп, ерікті түрде қан тапсырамын. Көптеген науқастар бар. Олар қандай да бір көмекке зәру. Сол себепті орталық мамандарының көмегімен тұрақты донор болып келемін. Сонымен бірге барлық азаматтарды донор болуға шақырамын, – деді қала тұрғыны Әлібек Қуаныш.

Жыл сайын Дүниежүзілік донорлар күнінде 40 донацияға жеткен донорлар төсбелгілермен, Денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың алғыс хаттарымен марапатталады. Донациялар саны аз белсенді донорлар да қан орталықтарының грамоталарымен марапатталады. Бұл дәстүр облыстық қан орталығында жыл сайын жалғасып келеді. Аталған науқан аясында облыстық қан орталығына 70-ке жуық адам қан тапсырып, өзгелерге көмек қолын созды. Ерікті түрде донор болып жүрген жандар облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<