Қаңтардың мұзы ақпанда қалай жылыстауы мүмкін?

285

0

Фото: ашық дереккөз

Биылғы қыс өткен жылмен салыстырғанда суығырақ. Қаңтарда еліміздің солтүстігі ғана емес, оңтүстігінде боран көбейіп, аяз күшіне мінді. Ауа райының жайсыз болуы жолдағыларға, алыс сапарға аттанған жолаушыларға ғана емес, ел өмірінің көптеген салаларына қиындық тудырды.

Айталық, оңтүстік өңірлерде шаруалар шығынға ұшырап, өсірілген көкөніс қатып қалған. Егінді мерзімінен бұрын жинап, жарамсыздарын қоқысқа тастауға мәжбүр болған жылыжайлардағы аяздан келген шығынның жалпы көлемі әлі есептелмеген. Дегенмен, бұл нарықтағы көкөніс бағасына әсер етері сөзсіз. Қолайсыз ауа райының салдарынан Алматыда 200-ден астам адам ауруханаға түскен. Оның ішінде 11 науқасты үсік шалған. Еліміздің оңтүстік астанасында бір тәулікте 160-қа жуық жол-көлік апаты тіркеліп, 30-ға жуық жолаушы түрлі жарақаттар алған деректер де тіркелді.

Оған қоса, республика бойынша электр энергиясымен, газ және жылумен қамтамасыз етуге байланысты проблемалар жұртшылықтың наразылығына себеп болды. Энергетика жүйесі мұндай сынақтарға дайын еместігін көрсетті.

Мұндай суық қыс елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азияда кейінгі он бес жылда болмағаны туралы айтылуда. Күн суыған кезде Орталық Азиядағы барлық ірі қалаларда энергия тапшылығы, қатты отынның жеткіліксіздігі мен сапасының нашарлығы байқалды. Ташкентте көпқабатты тұрғын үй тұрғындары күні бойы жарықсыз, жылусыз, сусыз отырды, Тәжікстан астанасы Душанбе тұрғындары да қатты зардап шекті. Өзбекстан қалаларында минус отыз градус суық тіркелді. Табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орында тұрған Түркіменстанда да күн суыған соң отын тасымалдау қиындап, жарық жиі сөне бастаған.

Қыстың қабағы алдағы көктемде су тасқыны қаупінің жоғары болатынын аңғартып тұрғандай. Себебі биыл «Шардара» су қоймасы мерзімінен бұрын толып, көктемде елді мекендерді су басуы ықтимал. Қоймаларға жылдағыдан мол су келіп жатыр. Сала мамандарының мәліметінше, бүгінде «Шардара» су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 800 текше метр су жіберіліп жатыр екен. Соның негізінде «Көксарай» су реттегішіне секундына 200 текше метр су келеді. Ал Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 600 текше метр су жіберіліп жатса керек.

Дегенмен «Арал-Сырдария» инспекциясы жағдайдың толық бақылауда екенін айтады. Инспекцияның мәліметінше, Сыр суы «Арнасай» ойпатына жіберілген. Ал «ҚазСуШар» РМК Қызылорда облыстық филиалы тарапынан бұл мәселе күн тәртібінде тұр.

– Бүгінде облыс аумағындағы стратегиялық маңызы бар су тораптарын пайдалануда қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары транзиттік режимде жүргізілуде. Сырдария өзеніндегі мұз ұстасу жағдайына байланысты «Қызылорда» су торабына дейінгі су деңгейін төмендету үшін Жаңақорған, Шиелі аудандары аумағындағы каналдарға секундына 131,5 текше метр су алынуда. Қазір Сырдария өзенінің солтүстік аумағында толық мұз қатуы байқалады, – дейді «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.

Су тасқынының алдын алу үшін Арал теңізіне жіберілген су, құрғаған теңіз ұлтанын қайта қалпына келтіруге де мүмкіндік бермек. Облыс аумағына қазір секундына 630 текше метр су келіп жатыр. Нәтижесінде кейінгі бес жылда су бармаған ескі арналар толып, Кіші Арал теңізінің қоры біраз молайып қалды. Жыл басынан бері теңіздің солтүстік бөлігіне 100 млн текше метрден астам су жіберілді. Қазір Аралға құяр сағадағы «Ақлақ» тоспасы арқылы секундына 180 текше метр шамасында су өтіп жатыр.

Одан бөлек, өңірдегі 200-ге жуық ірілі-ұсақты көлдің 70%-на су барып үлгерді. Сондай-ақ шабындық пен жайылымдықтар суландырылды. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетовтың айтуынша, мұздың жағдайына байланысты төменге жіберілетін судың көлемі біртіндеп жоғарылап келе жатыр. Сондықтан Солтүстік Арал теңізіне берілетін судың көлемі де біртіндеп артады.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Аралды сақтау жобасы қаржыландырылып, теңіз маңындағы гидроқұрылғыларды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қарашалаң көлінен 2 канал және Бөген қасындағы «Сарытерең» каналынан 1 канал қазу жұмысы басталды. Жоба 2024 жылы іске асырылатын болады. Соның нәтижесінде теңіздің тұздану жағдайы төмендеп, балықтың өнуіне септігін тигізбек.

Ал ақпанда ауаның орташа айлық температурасы еліміздің басым бөлігінде -10-16°С, оңтүстікте -1-9°С болады деп күтілуде. Қыстың соңғы айындағы жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жақын. Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады деп күтіледі.

Жағдай бақылауда дегенімен, қамданғанның қапы қалмайтынын ұмытпаған жөн. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша республикамыздың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында 31 қаңтар мен 4 ақпан аралығында қар араласқан қатты жауын-шашын болып, температура көтерілетінін хабарлады. Қалың қардың еруінен су жиналып, бұл өз кезегінде мұздың күрт еруі мен өзендерде су деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты, сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жедел шаралар қабылдау мәселесі қаралды. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде азаматтық қорғау бөлімшелерінің жұмысын күшейту тапсырылды. Облыс әкімдігі де ТЖМ-мен бірлесіп, қажетті шұғыл шаралардың барлығын қабылдауда.

Ауа райының күрт жылынуынан тасқын қаупі туындап отырғандықтан, тиісті іс-шараларды жедел үйлестіру үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен арнайы Үкіметтік комиссия жұмысын бастады.

Ал Сыр өңірі аумағындағы су тасқыны қауіпті кезеңде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында көктемгі дайындық пысықталды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс көлемінде 29 елді мекенді су басуы ықтимал. Осыған орай аймақта 60 эвакуациялық жинақтау, 78 эвакуациялық қабылдау пункті орналасқан. Өзенге жақын жерде тұратын тұрғындар арасында тұрақты үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<