Қаржылық сауаттылықты арттыру – аса маңызды

550

0

Өңірде заңсыз ойын бизнесін тоқтату мақсатында тиісті шаралар жүргізілуде. Соның бірі – әлеуметтік желі арқылы оңай олжа ұсынатын жарнамалық сайттар мен сілтемелерді анықтау мақсатында ақпараттық жүйе арқылы тексеріс жасалды. Нәтижесінде, желі арқылы таралған 220 сілтеме бұғатталып, 2 мың адам заңға қарсы контенттен бас тартты, ал 3 аккаунт жойылды. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков хабарлады.

– Бүгінде қоғамда және кәсіпкерлік субъектілері арасында қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту мақсатында «Бизнесті қорғау» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырамауға бағытталған. Осы жобаның арқасында биыл азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактісі орын алған жоқ. Департаменттің негізгі қызметі бойынша жыл басынан бері 14 іс өндіріспен аяқталды. Сәйкесінше, мемлекетке келтірілген залалдың 72,5 пайызы өндірілді. Ал мұнай өнімдерін заңсыз айналымына қатысты 6 істің өндірісі аяқталып, сотқа жолданды. Соңғы екі жылда біздің департаменттің тікелей ықпалымен 20 ойынхананың қызметі тоқтатылды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған азаматтар заң шеңберінде жауапқа тартылды. Сонымен қатар, қаржы пирамидасымен айналысқан Q-Net ұйымына сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жәбірленушілерге қомақты қаржысы толығымен қайтарылды. Осы ретте тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, аудандарда кездесулер өткізілуде. Одан бөлек, облыстық телеарналарда арнайы бейнероликтер әзірленіп, қоғамдық орындарда көрсетілуде. Сондай-ақ, қаладағы мектептер мен колледждерде «Қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбында семинар-сабақтар өткізу қолға алынды. Одан бөлек, қызметкерлеріміз барлық аудандарда болып, еңбек ұжымдарында, жастар орталығында кездесулер ұйымдастырылды, – деді Бақыт Сапарғалиұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<