Қазақстанда ұшақ билеті арзандады

950

0

Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанда ұшақ билеті 9 пайызға арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

2020 жылдың қаңтар-қыркүйегінде еліміздің әуе көмпаниялары 3,8 млн жолаушы тасымалдады. Бұл – өткен жылдың 9 айындағы көрсеткіштен 40,4 пайыз аз. Қыркүйекте әуе тасымалы 608,5 мың жолаушы болды. Бұл осы жылдың тамызымен салыстырғанда 13,1 пайыз көп болғанымен өткен жылдың қыркүйегіне қарағанда 19,7 пайыз кем.

9 айдағы жолаушылар айналымы 5,9 млрд жолаушы шақырымды құрап, жыл ішінде 2,2 есе қысқарды. Қыркүйекте жолаушылар айналымы 941,8 млн жолаушы шақырым болды. Бұл көрсеткіш тамызға қарағанда 46,5 пайыз жоғары болғанымен өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 35,5 пайызға төмен.

Осы жылдың 9 айының қорытындысында әуе кемесімен жүк тасымалы 15,5 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға кеміді. Қыркүйекте 2,5 мың тонна жүк тасымалданды. Бұл тамыздағы көрсеткіштен 18,2 пайызға аз.

Сонымен қатар есепті кезеңде әуе компанияларының табысы 54,3 пайызға, 135,8 млрд теңгеге дейін қысқарды. Мұндай теріс динамика соңғы 4 жылда алғаш рет байқалады.

2020 жылдың қыркүйегінде жолаушылар әуе көлігі қызметтерінің құны өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 8,7 пайызға арзандады. Еліміздің 17 өңірі ішінде Батыс Қазақстан (36,1 пайыз), Атырау (13,1), Қарағанды (5,6) және Қостанай (4,5) облыстарында ғана баға өсімі тіркелді.

Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында баға тұрақты. Елордада баға төмендеуі 36,5, Шымкентте 36,3 және Маңғыстау облысында 24,7 пайызды құрады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<