Қазақстандықтар енді рецепт бойынша дәрілерді QR код арқылы алады

680

0

Енді қазақстандықтар дәрігер жазып берген рецепт қағазын тасып жүрмейді. Аталған қызмет QR код арқылы қолжетімді. Толығырақ Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп тағы бір жаңашылдық енгіздік. Бүгінде egov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы амбулаториялық дәрілермен қамтамасыз ету аясында «әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылды. Айталық, дәрігер пациентке рецепт жазып берді, оны қағаз түрінде дәріханаға алып барады. Ендігі уақытта рецепт QR код арқылы ұсынылады», – деді Бейбіт Есенбаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр орынбасарының мәлімдеуінше, фармацевт ақпаратты қолмен енгізіп отырмайды, QR кодты сканерлеп, қажетті дәріні ұсынады.

«Аталған қызмет әзірге пилот жоба ретінде Астана қаласының емханаларында іске қосылды. Осыған байланысты азаматтарды осы сервисті пайдалануға шақырамыз. 2023 жылғы 26 сәуірдегі жағдай бойынша 1005 пациент QR кодты қолдану арқылы дәрі алған. Бұл қызметті жыл соңына дейін басқа да өңірлерде іске қосу жоспарланып отыр», – дейді ол.

Бұған дейін қазақстандықтардың медициналық анализдердің нәтижесіне онлайн қол жеткізе алатыны туралы хабарлаған едік.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<