Қор көптомдықпен толықты

1367

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қоры әдебиеттанушы ғалым, ағартушы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағымен толықты.

Көптомдық жинақ ақынның бүгінде қолда бар туындыларының барлығын қамтыған. Бұрын-соңды жарық көрмеген қазақ, орыс тілдеріндегі шығармалары енген. Бұл еңбектің бір ерекшелігі – кітапта төте жазумен қатар оның кирилл әрпіндегі нұсқасы қатар, бір ғасыр бұрын қалай жазылса, дәл солай берілген.

Бірінші кітапта «Қырық мысал» жинағының әр жылдардағы басылымының алғашқы 1909 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында берілген. 1913, 1922 жылғы нұсқаларының мәтіні 1989 жылдан кейін жиі жарияланғандықтан, салыстыру мақсатында мұқабалары мен мазмұны ғана енгізілген. Жинақтың екінші бөліміне ағартушының 1895-1912 жылдардағы қазақ, орыс тілінде жарық көрген мақалалары топтастырылып, факсимилелерінің бірінші беттері берілген.

Екінші томына «Маса» жинағының 1922 жылғы нұсқаның мәтіні бүгінгі жазуға сол қалпында берілген. 1911,1914 жылғы нұсқалары табылмады. Жинақтың екінші бөліміне ағартушының қазақ, орыс тілінде жарық көрген мақалалары хронологиялық тәртіппен топтастырылған. 1912-1913 жылдар аралығындағы мақалаларының кейбірінің факсимилелері берілген.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына арналған алғашқы әліппелер мен қазақ тілі грамматикасын танытатын тұңғыш оқулықтарының авторы, қазақ баспасөзінің негізін қалаушы. Жинақтың 3-томына «Оқу құралы: қазақша әліппесі» (1912), «Әліп-би» (1926) атты оқулықтары және осы оқулықтардың кейінгі басылымдарының факсимилесі ұсынылған.

Төртінші томында «Тіл – құрал» жинағының бірінші, екінші, үшінші жылдық кітаптары топтастырған, факсимилелері бар. Жинақтың екінші бөліміне ағартушының қазақ, орыс тілінде жарық көрген мақалалары хронологиялық тәртіппен топтастырылды. 1913-1914 жылдар аралығындағы мақалаларының кейбірінің телнұсқалары жарияланған.

Жинақтың 5-томына «Оқу құралы: қазақша алфбаға байаншы» (1921), «Сауат ашқыш» (1926) және осы оқулықтардың кейінгі басылымдарының факсимилесі қосымшада берілді. «Шура» журналы, «Қазақ» газетінің 1914-1915 жылдардағы оқу-ағарту мәселелері көтерілген түрлі тақырыптағы мақалалары топтастырылған.

Жинақтың 6-кітабына «Шаруалық өзгеріс» қолжазбасы, «МОПР һәм Күншығыс елдерінің еңбекшілері», «Соғыс қаупі мен жұмыскер табының міндеті» атты аудармалары алғашқы рет ұсынылған. Және 1916 жылдары түрлі тақырыпты қамтыған мақалалары енді.

Жетінші томына «Ер Сайын» атты еңбегінің 1923 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға қаз-қалпында  түсіріліп факсимилесі оң қапталына берілді. Сонымен бірге, 1924 жылғы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезі» және алуан тақырыпты көтерген мақалалары топтастырылған.

Сегізінші томына қазақтың 400 жылдық тарихы қамтылған «23 жоқтау» атты еңбегінің 1926 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазумен, факсимилесімен берілді, 1915-1918 жылдардағы алуан тақырыпты көтерген мақалалары бар.

Тоғызыншы томына ұлттық әдебиеттанудың тұғыры, қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болып табылатын «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуінің 1926 жылғы нұсқасының мәтіні бүгінгі жазуға көшірілген.

Жинақтың 10-томына шәкірті Телжан Шонанұлымен бірге 1927 жылы жариялаған «Оқу құралы» атты кітабының мәтіні берілген. Хрестоматиялық еңбек бастауыш мектеп оқушыларына қазақ тарихы, әдебиеті мен қазақ тілі, жағырапия, шаруа-кәсіп, жаратылыстану және т.б. ғылым салалары бойынша мағлұматтар береді.

Он бірінші томына осы «Оқу құралы» атты кітабының екінші жартысының мәтіні берілген. Кітапқа 119 тақырып (оның 14-і өлең) топтастырылды.

Жинақтың 12-кітабына «Тіл – жұмсар» атты әдістемелік құралының 1,2-кітаптарының мәтіні бүгінгі жазумен, факсимилесі оң қапталына берілді. Сонымен бірге, «Әліпбе айтысы» атты (1927) жинаққа енген «Араб әліп-биін жақтаған байандамасы» және 1923-1929 жылдардағы алуан тақырыпты көтерген қазақ, орыс тіліндегі мақалалары, мұрағаттық деректер топтастырылған.

Әдебиетсүйер қауымды Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағымен танысып, оқуға шақырамыз!

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<