ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді

792

0

Күні кеше ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында вице-министр арнайы облыс тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Сыр медицинасының әлеуетіне байланысты өзекті мәселелер айтылып, тұрғындар өздерінің толғандырған сауалдарын жеткізді. Одан әрі вице-министр БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, медицина саласындағы жаңашылдықтарды баяндап берді.

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсету деңгейі өсіп, қажетті ем түрлері қамтамасыз етіледі. Ұлттық жобаны толық жүзеге асыру үшін өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаның салу жоспарланған. Оның ішінде 253 медициналық пункт, 160 дәрігерлік амбулатория және 242 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын бастау бойынша дайын жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жоба шеңберінде Қызылорда облысының ауылдық елді мекендерінде 27 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бой көтермек. Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексеріс жүргізу кезіндегі медициналық тәсілдерді қайта қарап, нақты тізбегін кеңейтуде.

– Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі – халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету болып табылады. Қызылорда облысында өткен жылы жалпы өлім-жітім көрсеткіші 21 пайызға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 16 пайызға, обыр ауруынан болатын адам өлімі 12 пайызға, тыныс алу ағзалары ауруларынан және туберкулезден болатын өлім 22 пайызға төмендегенін атап өткім келеді. Бұл Сыр медицинасының қарқынды дамып келе жатқандығының белгісі. Сондай-ақ, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған жағдайда медициналық тексеру жұмыстары мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» жобасы енгізілді. Осы арқылы онкологиялық ауруларға күдігі бар азаматтар 18 жұмыс күні ішінде дәрігер мамандардан консультация ала алады және тексеріледі. Өздеріңізге мәлім, денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды бағыттардың бірі – ана мен бала денсаулығы. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7 мың квота бөлінетін «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламаның көмегімен 2022 жылы Қызылорда облысына 277 квота бөлініп, 176 әйел жүкті болды. Бүгінде 89 отбасы бала сүю бақытына ие болды. Бұдан бөлек, биылдан бастап Қызылорда облысына амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың базасында 72 дәріхана пункті мен ауылдық жерлерде 161 жеке дәріхана ашу көзделуде, – деді вице министр Тимур Сұлтанғазиев.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі БАҚ өкілдеріне арналған брифингтен кейін азаматтардың жеке мәселесіне байланысты қабылдау өткізді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<