Құм астындағы құпия. «Арайдағы» ескерткіш жайлы не білеміз?

879

0

31 мамыр – XX ғасырдағы кеңестік биліктің тоталитарлық саясаты салдарынан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлер мен ашаршылық құрбандарын еске алатын күн. Бірлігі кетіп, берекесі қашқан сол кезеңде халқымыздың жартысына жуығы құрбан болып, жарты миллионнан астамы бас сауғалап шет елдерге үдере көшуге мәжбүр болды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Осы мақсатта 1998 жылы Қызылорда қаласында да ашаршылық қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 10 метр, авторы – сәулетші Мәлік Сапарғалиев.

Тарихи белгіні салу үшін бұл жер бекер таңдалмаған.  Ел арасында бұл төбе бір кездегі қанды қырғынның куәсі екені де жиі айтылады. Бұлай деуге негіз бар. Облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің тілшісі, журналист Мырқы Исаев – тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге үлес қосқан адамдардың бірі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, отставкадағы полковник Әмірхан Бәкірұлы сұхбатында «Тоқсаныншы жылдары ағамыздың бастамасымен ату жазасына кесілгендердің жерленген орнын іздестіру басталды. Қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне ауыр жаза Қарауылтөбе қыстағы, қаладағы Куйбышев көшесінің бойы, Тасбөгет кентінің маңайындағы аумақта орындалғанын жеткізді. Дәлел ретінде Сырдария аудандық «Жаңадария» газетіндегі «Қырық молдаға түскен құрық», Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіндегі «Алтын тіс арқылы танылған өлік» мақалаларын ұсынған.

2017 жылы мемориалды ескерткіштің бастапқы қалпын сақтай отыра қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп,  аумағы абаттандырылды. Ол мазмұны жағынан «Біз біргеміз! Елімізде бейбітшілік болсын, ендігі жерде бұндай қасірет болмасын» деген көріністі және 1937-1938 жылдардағы саяси репрессияда «халық жауы» атанып, жапа шеккен Алаш арыстарының ақталғанын білдіреді.

Ескерткіш бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Өңірлік қасиетті нысандар» тізімінде тұр. Сонымен қатар, облыстық тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасына (www.virtualmap.xyz) енгізілген.

Азамат Есқалиев,

облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау

жөніндегі мекеменің аға ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<