Құсқанат ғұмыр

661

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер және Қолөнершілер одағының мүшесі, суретші, зергер, ұста Бекзат Жақыповтың «Құсқанат ғұмыр»  атты  көрмесінің ашылуы өтті.

Салтанатты іс-шараға облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова, Түркістан облысынан келген қолөнер шеберлері Фаридаш Әділбекова,  Насипа Алиева, және Қазақстан Суретшілер және Қолөнершілер одағының мүшелері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

– Сыр елінің мәдени мұрасы мен қолөнердің тың дүниелерін паш еткен бүгінгі көрме ерекше әсер сыйлады. Мұның барлығы – ғасырлар жаңғырығын бізге жоғалтпай жеткізетін ұлттық қолөнердің дамуына өз үлесін қосқан елге белгілі зергер Бекзат Жақыпов ағамыздың еңбегі. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, ұстаның әр туындысынан халықтың тұpмыстық болмысын, дүниетанымын көруге әбден болады. Шебеpдің қолы тиген әp бұйым – көне заманнан келе жатқан дәстүpдiң жалғасы, қазақ халқының ұлттық мәдениетiнiң белгiсi iспеттi, – деді Қуаныш Қуантқанұлы.

Аталған көрмеге 100-ден аса жаңғырған жәдігер қойылды. Оның ішінде ұстаның қолынан шыққан зергерлік бұйымдар, ер қаруы – бес қару, өзге де ағаш бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Мұндағы құсқанат, оймақты, кимешек жүзіктер, тұсаукесер әшекейі, шашқап, жастықағаш, домбыраның ашасы, қоссазы – соған бірден-бір дәлел. Сондай-ақ, шара барысында шебердің ұлы Шыңғыс Бекзатұлы келген қонақтарға күмістен білезік жасау шеберлік сағатын көрсетті.

– Ұсталық – жер бетіндегі ең көне кәсіптердің бірі. Халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді қадірлеген. Бекзат ағамыз – солардың жалғасы. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме бағалы мұралармен толығырақ танысып, өткенді зерделеуге мүмкіндік берді. Ұлттық салт-дәстүріміздегі кейбір ұмытыла бастаған рухани ұғымдарды халық арасында кеңінен насихаттауда да ағамыздың еңбегі ерен. Енді осы бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, жаңғырту жұмыстарын келешек ұрпаққа кәсіп ретінде дамытуымыз керек, – деді Гауһар Ыбырайқызы.

Іс-шарада келушілер шебердің сәндік қолданбалы өнер туындыларымен қатар, галерея қорындағы облыс суретшілерінің туындыларын да тамашалады. Сондай-ақ, жыршы Қуаныш Алғазиевтің орындауында термелер тыңдап, рухани сусындап қайтты.

Орайы келгенде айта кетейік, 1993 жылы Алматы көркемсурет  училищесінде зергер мамандығы бойынша дәріс алған Бекзат Жақыпов 1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетін бітірді. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол қазір Қолөнершілер одағының облыстағы өкілі  қызметін атқаруда. Темір мен асыл тастарды көркем өңдеу өнерін меңгерген шебердің өзіндік қолтаңбасы қазақ зергерлерінің тәжірибесіндегі халық дәстүрі мен әдіс-тәсілдердің интерпретациялық шығармашылығына негізделген. Бүгінде оның туындылары Қазақстан музейлерінде және шет елдердегі жеке коллекцияларда  сақтаулы.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<