Қырғыздың көркем туындысы

1042

0

Сурет ашық дереккөзден

Еліміздің кинотеатрлары сәуірдің алғашқы күндерінен қырғызстандық режиссер Руслан Ахунның «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмін көрерменге ұсынды. Көркем туынды арқылы режиссер ізгілік, мейірімділік, адамгершілік, бейбітшілік секілді ұғымдарды адамзат баласына ұғындыруға ұмтылған. Идея авторы бұл мақсатына жеткенін фильмді тамашалауға келген көрерменнің көп екенімен-ақ көз жеткізуге болады.

Осындай көрсетілімнің бірін Қызылордада біз де тамашалап қайттық. Алғашқы сәттен оны көруге келген жұртшылық өзінің эмоциясын жасыра алған жоқ. Фильм желісі бірден баурап, кейбір адамдардың көзіне еріксіз жас тұнғанын аңғардық. Оқиға сегіз жастағы баланың ой-өрісі деңгейінде қалып қойған кейіпкердің басынан өткен оқиғасы негізінде өрбиді. Шағын ауылда тұратын 75 жастағы Райхан ана өзі өмірден өтсе 35 жастағы баласына кімнің қамқор болатынын уайымдайды.

Кейуана қулық-сұмдықтан ада таза күйде қалған баласына оны Алла тағала ерекше жақсы көретінін айтып, жұмаққа тікелей баратынын тілге тиек етеді. Алайда баласы оған қашанда бес уақыт намазын қаза етпейтін анасымен бірге барғанды қалайды. Бірге ойнайтын досынан анасын Меккеге дейін жаяу апарса екеуі жаннатқа кіре алатынын біледі. Алғашқыда бұл ұсыныстан бас тартқан кейуана кейіннен ауылдастары баласына күліп жүрмесін деген оймен келіседі. Осылайша ана мен баласы Меккеге баруға ортақ шешімге келеді. Анасының мемлекеттік шекарадан өткізбей қойса, амалсыздан кері қайтамыз деген ойы да бар еді.

Үлкен сапарға аттанған айы оңынан туып, жолы бола кетеді. Қызығы мен қиындығы қатар жүрген сапар барысында олар талай сынақтан өтеді. Өмірдің өткелдерін көзбен көріп, сол ауыртпалықты артта қалдырады. Қай кезде де қатыгездік пен мейірімділік ұлт таңдамайтынын көкейге тоқиды. Кино желісінде ананың ұлына деген махаббаты шексіз екенін пайымдайсыз. 

Фильм Қырғызстаннан бөлек Өзбекстан, Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Мысыр және Сауд Арабиясының Мекке қаласында түсірілген. Басты кейіпкер Райхан ананың рөлін сомдаған Қырғызстанның халық артисі Анаркүл Назарқұлова фильмнің идеясы өзіне бірден ұнағанын айтады. «Мені режиссер Руслан Ахунның өзі таңдады. Осы рөлді ойнағанымды қалады. Идеясы маған ұнағандықтан келісім бердім. Сценарийді жеңіл оқып шықтым. Түсірілім екі айдан астам уақытқа созылды. Қаншама мемлекеттің шекарасын басып өттік. Сол сәттерде рұқсат алу үшін Қырғызстанға қайта оралдық. Кейіпкер бейнесін сомдау арқылы елге, аналарға, бүкіл қырғыз халқына деген ойымды жеткізе алдым. Меккеге бір күн ерте барып, түні бойы таң атқанша жүрдік. Зиярат еттік» дейді ол.

Қазақстандық режиссер Қуаныш Бейсек фильмді жоғары бағалады. Оның айтуынша, көркем туынды тек діни тұрғыда емес, адами құндылықтар және жақсылық жасау тұрғысында ой салады. Өкініштісі, қазіргі кезеңде мұндай ізгілік, имандылық, жанашырлық адамдар арасынан жоғалып барады. Сондай-ақ оған түскен актерлер өз кейіпкерлерін жоғары деңгейде ойнап шыққан.

Фильмнің режиссері Руслан Ахун көптеген туындысы арқылы халықаралық деңгейде танымал болып отыр. Фестивальдарда жүлде алған. Атап айтқанда, олардың қатарында «Салам, Нью-Йорк», «Ананы іздеймін», «Көкбөрі», «Каникулы оффлайн», «Салам, Европа» атты туындылары бар. Олардың барлығы дерлік кассалық фильм ретінде ерекшеленеді. Дарынды өнер иесі осы туындылардың кейбірінің сценарийін жазса, енді бірінде продюссер және режиссер болған.

Кино әлемінде көш ілгері туындылар әр елде бар. Мұндай шығармашылық өрлеу сан мен сапаның ара жігін ажыратып беретініне иланасың.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<